ШҚО мектептеріндегі сабақ дәстүрлі, қашықтан және аралас форматта ұйымдастырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Даниал Ахметов жас медицина мамандарына «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша баспана бөлуді тапсырды.

Даниал Ахметовтың басшылығымен ШҚО әкімдігінде өткен отырыста облыстық білім, денсаулық сақтау және жолаушылар көлігін дамыту басқармаларының жұмыс тиімділігі қаралды.

Іс-шара соңында облыс әкімі мектептерді жаңа оқу жылына дайындау аяқталып, жаңадан салынған білім беру мекемелерін қабылдау жүріп жатқанын және барлық 647 мектеп «Ashyq» бағдарламасына қосылғанын хабарлады.

Инфекция кең таралып кетпеуі үшін оқу процесі дәстүрлі, қашықтан және аралас форматта ұйымдастырылады. Барлық мектепте медициналық кабинеттер жабдықталған. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау мен дабыл жүйелері орнатылды, - деп жазды Ахметов өзінің Инстаграм парақшасында.

Балаларды мектептерге жеткізу өте маңызды мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта облыстың 134 білім беру мекемесі оқушыларды тасымалдайды. Биыл аймақта қосымша 26 автобус сатып алынды. Даниал Ахметов осы бағыттағы жұмысты жандандырмақ. Отырыс барысында ол білім басқармасына жағдайды талдауды және жақын арада облыс мектептеріне тағы қанша автобус қажет екенін айтуды тапсырды.

Жиын барысында облыс басшысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысына бұрын қабылданған бағдарламаға қарамастан, аймақтың бірде-бір кардиологы оқуға және біліктілігін арттыруға жіберілмегені үшін ескерту жасады. Әкім бұл мәселені шешуді жеделдетуді талап етті. Сонымен қатар, медицина мамандарының тапшылығын жою үшін қала және аудан әкімдеріне «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша жас мамандарға баспана бөлуді тапсырды.

Көлік жүйесін дамытуға қатысты Даниал Ахметов Үржар мен Өскемендегі әуежайларды қайта жөндеу аяқталатынын айтты. Сондай-ақ, Зайсандағы әуе айлақты қайта құру жобасы әзірленіп жатқанын «Облшығысжол» ЖШС қарамағына өткеннен кейін «Қызыл Ту» паромдық өткелінің жұмысы үзіліссіз және кестеге сәйкес жүретінін хабарлады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және Катонқарағай, Күршім, Көкпекті, Глубокое аудандарының әкімдеріне оффтейк-келісімшарттар бойынша салынған үйлерден жергілікті автостанцияларға бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Осы мәселелер қалай болғанда да шешіліп, жыл соңына дейін төрт ауданның автостанциясы жұмысын бастауы тиіс деген талап қойды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы