ШҚО мектептерінде күзет жүйесі күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда білім беру жүйесі қысқа мерзімде қайтадан құрылып, пандемиялық шектеулерге орай қашықтықтан оқыту әдістемелері дайындалды.

Мектеп оқушылары компьютерлермен, сондай-ақ жылдамдығы жақсы интернет желісімен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта, өңірде компьютерлік техникамен қамсыздандырудың орташа көрсеткіші үш оқушыға бір компьютерді құрайды. Ал, жыл басында бұл көрсеткіш алты оқушыға бір компьютерді құраған болатын.

Тілдік пәндер бойынша білім беретін мұғалімдердің деңгейлері тұрақты түрде жетілдіріліп отыр. Мысалы, соңғы бес жыл ішінде «Үш тілді білім беруді дамыту» жобасы бойынша оқыту әдістемесінің меңгеру көрсеткіші 14 пайыздан 89 пайызға артты. Бұған қоса, биыл орыс тілінде білім беретін мектептердегі практикалық қазақ тілін оқытудың сапасын арттыруға бағытталған жаңа үш жылдық кезең басталмақ, - деді облыстық мәслихаттың жетінші сессиясында есеп берген өңір басшысы Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы NurOtan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бағытында өңірдегі орта білім ордалары тапшылығын жою мақсатында екі мың орынға арналған үш мектептің Риддер және Семей қалаларында салынып жатқанын атап өтті. 

Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек еткен ол, осы бағытта барлық білім ордаларына «Дабыл» және бейнебақылау жүйелерінің орнатылып, күзет мамандарымен қамтамасыз етілгенін хабарлады.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы