ШҚО-да оқушылардың компьютермен қамтылу деңгейі өсті

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жүргізілген кешенді шаралар арқасында аймақтағы оқушылардың компьютермен қамтылу деңгейі өсті. Бұл туралы өңір тұрғындары алдында есеп берген облыс әкімі Даниал Ахметов айтты.

Былтыр оқушылардың қашықтықтан кедергісіз білім алуын ұйымдастыру мақсатында облыстағы мектептерге 34 мың компьютер сатып алынған. Осылайша, өңір оқушыларының компьютерлік техникамен қамтылу деңгейі әр төрт оқушыға бір компьютерден келетін көрсеткішке жетті. Бұл көрсеткіш жыл басында 6 оқушы болған. Республикада бұл көрсеткіш 11 оқушыны көрсетеді. Аймақтағы оқушылардың 90 пайыздан астамы интернет желісімен қамтылды. 

Орта білім ордаларында көптілді білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, өңірдегі үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің мәселелері шешімін тапты. Абайдың Қарауылында Назарбаев зияткерлік мектептері стандарттарына сәйкес жұмыс істейтін 300 орындық, Өскемендегі Ахмер ауылында 100, Тарбағатайдың орталығы Ақжарда интернаты бар 600 орындық үш мектеп пайдалануға берілді, - деді Даниал Ахметов. 
Сонымен қатар Риддер және Семей қалаларында да үш мектептің құрылысы қолға алынған. Өткен жылы өңірдегі білім беру нысандарын жөндеуге 11 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлініп, 320 мектеп, 5 колледж бен 49 балабақша жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек, «Жас маман» жобасы аясында бес колледжде Құзыреттілік орталықтары құрылды. Биыл да осындай бес орталық ашу жоспарланған. 

Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» жобасын іске асыру мақсатында студенттердің жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыстар қарқын алған. Бұл бағытта облыстағы колледждер жанында жеті жатақхана салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 1188 орындық екеуі қолданысқа берілсе, 348 орындық екеуінің құрылысы әлі де жалғасып жатыр.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы