ШҚО-ға он үш санитарлық бекет қойылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда өткен тәулікте тағы 465 адам коронавирус жұқтырған. Оның 252-сі Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Аймақта қауіпті дерт дендеп барады. Бұған алаңдаған жергілікті билік шектеу шараларын күшейтті. Бүгіннен бастап шығыста санитарлық 13 бекет қойылды, деп хабарлады Хабар24.
Оның жетеуі Өскемен қаласының кірер-шығар жолдарында болса, тағы алтауы аудан-қалалардың аумағында болады. Сондай-ақ көрші елдермен шектесетін шекара бекеттеріне де орнатылды.
Шығыста індеттің ілмегіне ілінгендер тым көбейіп кетті. Эпидемиолог мамандар жағдайды сараптай келіп, дерттің дендеуінің әзірше ең негізгі бірнеше себебін атады. Карантин болса да халық қарапайым қауіпсіздік ережесін елемейді. Қоғамдық орындарда бетперде тақпайды. Сондай-ақ алыс-жақын ауыл, қала, тіпті көрші елге барыс-келіс тым жиілеп кеткен. Той-томалақ пен отбасылық басқосу да азаймай тұр.
Сондықтан жағдай одан сайын ушықпас үшін аймақтағы мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің карантин ережесі бойынша бұған дейін шығарған қаулысына тағы өзгеріс енгізілді.
Бүгіннен бастап облыста жалпы 13 санитарлық бекет қойылды. Соның бірі қазір біз тұрған Өскемен-Риддер тас жолы. Бұл автокөлік жолының бір сағасы Шемонайха мен Глубокое аудандары арқылы Қазақстан-Ресей шекарасына дейін жетеді. Яғни жолаушы өте көп қатынайды. Басқа бекеттер де осындай маңызды жолдарға қойылып отыр.
Күшейтілген карантиндік ереже аймақта жағдай тұрақталғанша сақталатын болады. Ал санитарлық бекеттердегі мамандар кезекшілікпен тәулік бойы жұмыс істейді. Яғни ары-бері өткен жолаушылардың дене қызуын өлшейді. Ал азық-түлік, дәрі-дәрмек пен басқа да тауар түрлерін тасымалдауға еш кедергі жоқ. Тек оны дәлелдейтін құжаты болуы тиіс.
Шығыста бұған дейінгі карантиндік шектеулерде халықтың жүріп тұруы үшін арнайы түрлі- түсті рұқсатнама қағаздары енгізілген еді. Бұл жолы да солай бола ма? Сондай-ақ қоғамдық орындар мен бизнес нысандарға қандай да бір санитарлық талаптар қойыла ма? Және қадағалау қалай жүргізілмек?
Індет алғаш таралып, бүкіл елде төтенше жағдай жарияланғанда шығыста тұрғындардың жүріп тұруы арнайы рұқсат қағаздарымен реттелген. Қызыл, көк түсті. Бұл жолы ондай қатаң ереже жоқ. Тек бекеттерден өтерде жеке куәлік арқылы тұрғылықты жері ғана тексеріледі. Ал қаладағы қоғамдық көліктер мен аудан ауылдарға қатынайтын автобустар саны шектеледі. Бүгінгідей демалыс немесе мереке күндері қоғамдық көліктер сирек қатынайды. Халыққа барлық жерде бетперде тағу міндеттелді. Бұл жұмысты полиция қызметкерлері қадағлайды. Дүкен, сауда нысандары мен шаштараздардағы санитарлық талапты арнайы мониторинг топ тексереді. Оның құрамында бірнеше құзырлы орган өкілі бар. Олар топ-топқа бөлініп, рейд өткізеді.