ШҚО-да жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауынан 109 өрт шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы салдарынан 109 өрт шыққан. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйлерде өрттің шығуына көбінесе электр жабдықтары себепкер болып жатады. Нақты айтқанда, жабдықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің бұзылу, электр желісінің ақауы немесе тозуы, электр сымдарының шамадан тыс жүктелуі және қысқа тұйықталуы.

Жыл басынан бері облыста электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына байланысты 109 өрт болған. Тек соңғы үш күннің ішінде өрт сөндірушілер осындай себепке байланысты шыққан 3 жалынды ауыздықтады.

Мәселен, 25 маусымда Шемонаиха қаласы Станционная көшесінде жеке үй өртенді. 14 шаршы метр аумақты шарпыған «тілсіз жау» жиһаздар мен жеке заттарды зақымдады. Сондай-ақ 27 маусымда Глубокое кентіндегі Степная көшесінде өрт сөндірушілер жер үйдегі отпен күресті. Жалпы ауданы 51 шаршы метрді шарпыған өрт шатырдың ағаштарын, қабырғаны, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттарға тарады, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, сол күні Черемшанка ауылындағы Лениногорская көшесінде жеке үй мен қора өртенді. Өртті байқаған үй иелері алдымен заттарды сыртқа шығаруға тырысқан. Сол кезде 70 жастағы қарияның денесін 10% күйік шалып, Риддер қаласының ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер аумағы 100 шаршы метрге жеткен өртті сөндірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы