ШҚО-да сот төрелігінің сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілуде
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірінде сот төрелігінің ашық болуына және қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысын қорытындылаған баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Бүгінгі таңда аталған сотта сот төрелігінің ашық болуына әрі қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыстарды қолға алынған. Мұның бір көрінісі ретінде, соңғы үш ай көлемінде қаралған үш адамға қатысты екі қылмыстық істің алқабилердің қатысуымен қаралуын айтуға болады. Бұдан бөлек, сот органы қаралған қылмыстық істер бойынша шығарған жеке қаулыларына талдау жүргізіп, олардың ешқайсысында орындалу мерзімдерінің бұзылмағандығын анықтаған.
Сондай-ақ, біздің сот адам құқығын бұзуға байланысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған шараларды да назардан тыс қалдырмайды. Атап айтсақ, қылмыстық істерді қарау кезінде судьялар гендерлік саясат, отбасында орын алатын зорлық-зомбылық мәселелеріне ерекше мән береді. Әйелдерге қатысты теңсіздіктердің барлығын жоюға қатысты конвенция талаптарын орындау бойынша іс-шаралар жүргізіп, демократия қағидалары мен құқықтық мемлекет принциптерін нығайтуға қатысты оқыту семинарларын жиі өткіземіз, - деді Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бердіғали Кәсенов.
Сонымен қатар «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» кезекті оқу сабағы өткізіліп, бірқатар нормативтік қаулының қолданыстағы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға сай шығарылғаны анықталған.
Ел Президенті Қасым Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында қойылған тапсырмаларға судьялар ерекше назар аударды. Нақтысы, «қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама тұрақтылығын қамтамасыз ету. Оларға жиі түзетулер енгізулері құқық қолдануға кері әсерін тигізеді және бірыңғай, біркелкі тергеу және сот тәжірибесін қалыптастыруға кері әсерін тигізеді. Оқу сабағының соңында мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары сот тәжірибесін кеңейту мақсатында қаралған қылмыстық істер бойынша жұмыс тәжірибелерімен бөлісті, - деп қосты Бердіғали Кәсенов.
Қоса кетсек, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 28 тұлғаға қатысты 23 қылмыстық істі қараған. Сот төрағасының айтуынша, қаралған қылмыстық істердің барлығы аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға қатысты болған.