ШҚО-да шетелдік 66 азамат жауапкершілікке тартылды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірінің сақшылары жүргізген жедел-алдын алу шаралары барысында 66 шетелдіктің көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталған.
Ақпан айының бірінші аптасында жүргізілген «Миграт» жедел-алдын алу шаралары көші-қон заңнамасының бұзылуын, заңсыз көші-қонды, сондай-ақ шетелдік және азаматтығы жоқ тұлғалардың құқық бұзушылықтар жасауын болдырмауға және алдын алуға бағытталды.
«Мигрант» жедел алдын алу шаралары өткізілген аралықта Шығыс Қазақстан облысының аумағында барлығы 157 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, оның 66-сы шетелдік, ал 89-ы ел азаматтары. Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ екі адам уақытша тұраққа апарылып, құқықбұзушылық жасап іздеуде жүрген бір қылмыскер құрықталды, - дейді облыстық Полиция Департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Бұдан бөлек, құзырлы органның рұқсатын алмай шетелдік азаматтарды жұмысқа қабылдаған екі жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, тәртіп сақшылары анықтаған осындай жағдайлардың бірінде жұмыс беруші еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 519-бабы 1-тармағына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК мөлшерінде айыппұл арқаласа, оған жалданып жұмыс істеген өзбександық азамат 5 тәулікке қамаққа алынды. Осы себепті, полицейлер ел аумағында жүруге рұқсат етілген уақыты аяқталған шетелдіктерге тұрғылықты жерлері бойынша көші-қон қызметіне жүгініп, өздерінің құқықтық мәртебелерін дер уақытында анықтау қажеттігін ескертеді.