ШҚО-да көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд теңге бөлінген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Басымдық ауылдағы отбасыларға беріліп отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.
Облыста көпбалалы отбасылардың баспанамен қамтамасыз етудің кешенді бағдарламасы бар. Соның аясында өткен жылы 563 мың көпбалалы отбасыға баспаналы болу бақыты бұйырды. Жыл соңына дейін тағы 1038 жанұя осындай қуанышқа кенелмек. Бір айта кетерлігі, олардың 378-і ауыл тұрғындары. Мұндағы көпбалалы отбасыларға арнап 36 мың шаршы метр жеке тұрғын үй салынған.
Үй кезегіне тұрған көпбалалы отбасылар саны жыл сайын өсіп келеді. 2017 жылмен салыстырғанда биыл ол төрт есе артқа. Қазіргі күні жалпы саны 2285 отбасы үй кезегінде тұр. Алдағы екі жылда олардың барлығын баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, - деді Даниал Ахметов.
Сондай-ақ өзге де тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін 121 млрд теңгенің 122 көппәтерлі және 2658 бір қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олардың жалпы көлемі 827,4 мың шаршы метр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 126 пайызға артық.
Президент тапсырмасына сәйкес, барлық инженерлік коммуникациясы тартылған жеке тұрғын үй аймақтарын дамытуға көңіл бөліп отырмыз. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында оған орын таңдалып алынды. 23,2 млрд теңгенің бюджеттік қаражатын бөлу арқылы 8 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын пайдалануға беріп, жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 129 млрд теңгенің инвестициясын тарту көзделген, - деді әкім.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ШҚО-да барлық мектеп қашықтан оқыту форматына көшірілді.