ШҚО-да интеллектуалды есептеуіш құрылғыларын орнату 80 пайызды құрамақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл соңына дейін облыстағы көппәтерлі тұрғынүйлердің 80 пайызын жылу энергиясы мен су шығынын есептейтін бірыңғай құрылғылармен қамту жоспарланған.

Елімізде көпқабатты тұрғынүйлерді жылу энергиясы мен су шығынын есептейтін бірыңғай құрылғылармен қамту жұмыстарының жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл үрдістен Шығыс өңірі де қалыс қалып жатқан жоқ. Жалпы, мұндай құрылғылардың тұрғындардың шығынын 30 пайызға дейін азайтатыны рас. Облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазановтың айтуынша, облыс аумағындағы 4690 көппәтерлі тұрғынүйдің қазіргі уақытта 3553-і су шығынын есептейтін құрылғыларды қосуға мүмкіндігі бар көрінеді. Бүгінгі таңда олардың 673-де осындай құрылғылар орнатылған.

Өскемен қаласындағы 1184 тұрғынүйдің 281-і, Семейдегі 1187 үйдің 400-і, Риддердегі 539 тұрғынүйдің 12-сі бүгінгі күні су шығынын есептеу құрылғысымен қамтылған, - дейді Нұрлан Рамазанов.

Жылу энергиясын есептейтін құрылғылар облыстағы 3196 тұрғынүйдің 1299-да орнатылған. Бұл жалпы көрсеткіштің 41 пайызын құрайды. Жылу энергиясын есептейтін құрылғылар ең көп Семей қаласындағы көппәтерлі үйлерде орнатылған. Екінші орынды Өскемен қаласы алады.

Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға дейін еліміздегі тұрғын үйлердің 80 пайызын деректерді қашықтықтан алуға мүмкіндік беретін осындай құрылғылармен қамтамасыз ету қарастырылған. Осыған орай, облыстың аудан, қалалары бойынша құрылғыларды орнату кестесі бекітілген. Осылайша, биылғы жылдың соңына дейін Шығыс Қазақстандағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 80 пайызы бірыңғай есептеу құрылғыларымен қамтамасыз етілетін болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы