ШҚО-да игерілмеген құрылыс қаражаты әлеуметтік нысандарға бағытталады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде тұрғын үй құрылысы саласында игерілмей қалған қаражат әлеуметтік нысандарға бағытталатын болады. 

Бұл туралы құрылыс саласы бойынша өткен кезекті кеңес барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов хабарлады. Оның айтуынша, әлеуметтік баспана салу, сондай-ақ, спорттық, мәдени және медициналық нысандар мәселесі тұрақты бақылауда тұрған көрінеді.

2020-2021 жылдар аралығындағы кезең өңірдің құрылыс саласы үшін ерекше болды. Атап айтсақ, алғаш рет миллион шаршы метр тұрғын үй салуға қол жеткізіліп, бір уақытта 27 әлеуметтік-мәдени нысан салынды.

Облыс басшысының хабарлауынша, бұл кезеңдегі ірі құрылыстардың бірі - Семей қаласында салынған оңалту орталығы болды.

Қаржыландыру республикалық бюджеттен жүргізіледі. Бірақ біз қазірдің өзінде жұмыстарды бастау үшін 100 миллион теңге мөлшерінде қаражатты бөліп қойдық, - деді Даниал Ахметов.

Тағы бір айта кетерлік жайт, барлық нысанның құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Биыл өңірдің көптеген ауыл-аймағы жаңа бассейндер мен денешынықтыру-сауықтыру нысандарына ие болмақ. Олардың ішінде Бородулиха, Үлкен Нарын, Таврия, Самар, Марқакөл және тағы басқа ауылдар бар. Спорттық модульдер шалғайда орналасқан ауылдардың басым көпшілігінде салынады. Мысалы, биыл Тарбағатайдың Қабанбай ауылында тек спорттық модульдің құрылысы ғана емес, сондай-ақ, полиция бөлімшесінің және фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы да қатар аяқталады.

Сонымен қатар Риддер қаласы мен Шемонаиха ауданындағы тұрғын үй құрылысында игерілмей қалған қаражат та әлеуметтік нысандарға бағытталмақ. Ал құрылысы тоқтап қалған нысандар бойынша мәселелерді аудан, қала әкімдері өздері шешетін болады.

2022 жылы құрылысы жалғасатын 83 тұрғын үй бар. Бірақ мен құрылысқа деген көзқарасты өзгерту жайында және 2025 жылға дейін әрқайсысына 700 мың шаршы метрден кем емес көлемде тұрғын үй салудың бағдарламасын жасау туралы тапсырма бердім. Құрылысшылар тарапынан құрылыс материалдарының қымбаттауы туралы мәселе қойылып отыр. Алайда бұл мәселе құрылыс материалдарының бағасын егжей-тегжейлі зерделеген соң шешілетін болады. Егер бұл ақпарат нақтыланса, жобалар қайта түзетілетін болады, - деп қосты Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша несиелік баспана алуды ойлаған көпбалалы отбасыларға алғашқы жарналық сертификаттар беру мәселесі де қарастырылатын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы