ШҚО-да бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл өңірде жыл басына қарай артылған бюджеттік қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саладағы қажеттілікке бағытталады.
Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова хабарлады.
Бюджеттік қаражаттың жұмсалуын жақсарту және мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қаржылық құжатқа бірқатар нақты өзгерістер енгіздік, - деді Сәуле Ұлақова.
Атап айтсақ, облыстық бюджеттің басым бөлігі бұрынғыдай халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталатын болады. Осындай жұмыстың бірі ретінде, халық қалаулыларының тұрғындардың бірқатар санатын баспанамен қамту мақсатында 127 жеке тұрғын үй мен 253 пәтерді сатып алуға 3330,5 млн теңге мөлшеріндегі қаражатты бөлек қарастыруын айтуға болады. Сондай-ақ, 30 млн теңгеге таяу қаражат көпбалалы және азқамтылған отбасыларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге бөлінді.
Бұдан бөлек, 906 млн теңгеден астам сомадағы бюджет қаражаты Семей қаласындағы жылумен қамту жүйелерін жөндеуге жұмсалып, қаланың көптен бері шешілмей келе жатқан жылу проблемасын біржақты етуі мүмкін. Сонымен қатар Бородулиха, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандарындағы шекаралық заставаларда су тазалайтын станциялар орнатуға да қаражат жұмсалады.
Абай ауданының Қарауыл ауылындағы осыған дейін басталған ауызсу құбырларын қайта жөндеу және Курчатов қаласындағы №1-ші шағын ауданды электр энергиясымен қамту жұмыстарын аяқтауға 129 млн теңгеден астам қаражат жұмсалса, өңірдегі он елді мекеннің «Ашық әкімдік» форматындағы халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуіне орай 39 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінбек. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шар, Серебрянск қалалары мен 8 ауылда openspace офистері ашылады.
Сондай-ақ, бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға облыстық бюджеттен 80 млн теңге бөлініп, көшелер мен су өткізетін құбырларды орташа жөндеуден өткізуге, Семейдің Қайнар ауылындағы жаяу жүргіншілер жолының жанына жақтаулар орнатуға жұмсалады. Оған қоса, Қайнар ауылындағы орта мектептің спортзалы жөнделіп, физика кабинеті жабдықталады.