ШҚО-да бөлінген несиелік қаражат тамыздың соңына дейін толық игерілмек

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы институттары мен облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлінген несиелік қаржыны 2019 жылдың тамыз айының соңына дейін толықтай игеруді жоспарлап отыр. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды.

«2019 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын іске асыруға республикалық бюджеттен 3 234 миллион теңге қаржы бөлінді. 29 сәуір күні несиелік қаражаттың 1 940,7 миллионы 550 жобаны іске асыру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалына, ал 1 293,8 миллион теңгесі 255 жобаны іске асыру мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалына аударылды. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалына аударылған қаржының 500 миллион теңгесі 250 көпбалалы аз қамтылған отбасыларды шағын несиемен қамтуға бағытталады», - деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян.

Басқарма өкілінің хабарлауынша, шағын несие алу облыс бойынша қолжетімді болуы үшін жарғылық капиталы 250 миллион теңгелік «Атамекен-Өскемен микрокредиттік ұйымы» құрылып жатқан көрінеді. Жарғылық капиталдың 122,5 миллион теңгесін облыстық бюджеттен бөлу жоспарланған.

«Несиелендіру жұмыстары сәуір айының соңында басталды.17 мамырдағы жағдайға сүйенсек, Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 669,5 миллион теңгені құрайтын 175 өтініш келіп түскен. Оның сомасы 213,4 миллион теңгені құрайтын 47-сі қаралу үстінде, ал 436 миллион теңгелің 127 өтініш құпталып қойған. Қазіргі уақытта 25,5 миллион теңге несие қаражаты үш өтініш түсірушіге беріліп те қойған», - деп қосты Владимир Гайламазян.

Қоса кетсек, қаржы институттары мен ауыл шаруашылығы басқармасы бөлінген қаржыны 2019 жылдың тамыз айының соңына дейін толықтай игеруді көздеп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы