ШҚО-да азаматтық белсенділікті арттыруға арналған шаралар жалғасын табуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Семей қаласында NEET санатына жататын жастардың әлеуметтік жобалар құруына көмек көрсетуге бағытталған азаматтық белсенділік мектебі ұйымдастырылды.

Жастар жылы аясында өткізілген шарада Семейден, Курчатовтан, Бородулихадан, Жармадан, Көкпектіден, Абайдан, Шемонаихадан келген жастар үш күн бойы командамен жұмыс істеу, келіспеушіліктерді шешу, келіссөз жүргізу, шешім қабылдау жолдарын үйренді. Жалпы, шарада басты назар әлеуметтік бағыттағы жобаларды жасауға бағытталды. Қатысушылар «Даму» қоры өкілдерінің дәрістерін тыңдап, қазіргі уақытта кәсібін дөңгеленткен бизнесмен Мейрам Әжібаевтың отбасылық кәсібі жайлы естіп білді. Бұдан бөлек, «British Council» мекемесінің үйлестіруші-менеджері Айжан Рымбаева ондайн форматта қатысушыларға жастардың шетелдерде білім алуына мүмкіндік беретін халықаралық оқу бағдарламалары жайлы айтып берді.

Мектеп жұмысының аясында қатысушы жастар еліміздің тұрғын үй бағдарламары жайында ақпарат алып, оған қаражат жинаудың әдіс-амалдарын меңгерді. Бұл ретте қатысушыларға «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» АҚ өкілі Алмас Жыбыраев өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар қаржылық кеңесші маман Майра Дандыбаева қаржылай сауатты болудың амалдарын үйретті, - деді Жастар және балалар ұйымдарының бірлестігі облыстық Ассоциациясының Семей қаласындағы филиал директоры Эльзира Жүнісова. 

Қысқа мерзімді азаматтық белсенділік мектебі барысында 30 жас арнайы сертификатты иеленіп, 6 әлеуметтік жобаны қорғап шықты. Жобалардың 3-і гранттық қолдауға қол жеткізді. Сондай-ақ сегіз қатысушы түрлі деңгейдегі мекемелерден жұмысқа шақырту алды.

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы