ШҚО-да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 52 жоба қолға алынған

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен биыл өңірде ауылдардың жағдайын жақсарту бағытында 50-ден астам жоба жүзеге асырылып жатыр.

Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында ауыл-аймақтағы тұрғындарды тұрғылықты жерлерінен кетуді қаламайтындай және түрлі мемлекеттік қызметтерге, әлеуметтік игіліктерге деген қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қала тұрғындары сияқты өз-өзін дамытуға мүмкіндігі болатындай жағдайлар жасауымыз керек, - дейді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фархад Белбаев.

Ауыл-аймақты ел экономикасын дамытудың драйвері ету қажеттігін алға тартқан ол мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғынүй, әлеуметтік салаларда, сонымен қатар көлік қатынасы, жүк тасымалдау, ауызсу, газ, электр жүйелерін тарту бағыттарында ауыл үшін бірқатар жұмыстар істелетінін атап өтті. Бүгінгі күні 38 пайызға жуық халқы ауылдық елді мекендерде тұрып жатқан Шығыс Қазақстан үшін аталған бағдарламаның рөлі ерекше. Осы ретте облыста ірі ауылдар таңдалып, бірінші кезекте соларға жайлы жағдайлар жасалатын болады. Қазіргі уақытта облыста 295 мың халқы бар осындай 116 тірек ауыл таңдап алынған.

Сондай-ақ, өңірде ел шекарасынан 25 километр қашық орналасқан 29 шекаралық және шағын 232 спутник ауылдық елді мекендер анықталған. Былтыр облыста 2,1 млрд. теңгеге Глубокое, Үржар, Көкпекті, Күршім сынды төрт тірек ауылда түрлі жұмыстар атқарылып, 8 жоба жүзеге асырылған болатын. Жобалардың ішіндегі төртеу көшелерді жөндеуге байланысты болып, өткен жылы аяқталса, ал түрлі әлеуметтік нысандарды салумен байланысты қалған төрт жоба биыл да жалғасын тауып, жыл соңына қарай аяқталуы жоспарланған, - деп қосты Фархад Бельбаев.

Биыл өңірдегі 20 тірек ауылдарда қаржы көлемі 7,7 млрд. теңгелік 51 жоба жүзеге асырылуда. Оның білім беру саласына қатыстысы – 13, денсаулық сақтауға - 6, спорт және мәдениетке – 12, көшелерді жөндеуге қатыстысы - 20 жоба. Үстіміздегі жылы мұндай жобалар Глубокоеда, Бородулихада, Көкпектіде, Күршімде, Марқакөлде, Қалжырда, Үлкен Нарында, Катонқарағайда, Солдатовода, Тұғылда, Ақжарда, Үржарда, Мақаншыда, Алтыншоқыда, Шолпанда, Қараталда, Қарауылда, Қалбатауда, Ақтоғайда және Әуезовте қолға алынған. 2026 жылға дейінгі аралықта анықталған 116 тірек ауылдардың барлығы аталмыш бағдарламамен қамтылмақ.

Сонымен қатар, өңірдегі ел шекарасына жақын орналасқан аудандар да билік назарынан тыс қалмайды. Бүгінде аймақта Күршім, Катонқарағай, Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандары шекаралық аудандар ретінде анықталған. Бұл аудандар алдағы бес жыл мерзімде 218,5 млрд. теңге қаражатқа дамитын болады. Қазіргі уақытта оларды дамытуға бағытталған кешенді жоспар жасалған.

Аталмыш жоспардың шеңберінде бұл аудандардың экономикасы диверсификацияланып, олардағы кәсіпкерлер қолдау тауып, көліктік-логистикалық инфрақұрылымы дамытылады. Сондай-ақ, табиғатты қорғауға, трансшекаралық өзендердің қолданылуына, туристік инфрақұрылымға, әлеуметтік-инженерлік құрылыстар салуға және жұмыспен қамтуға қатысты жобалар да бар, - деді Фархад Бельбаев.

Оның айтуынша, биыл анықталған 20 тірек ауылдарға қаражат тек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ғана құйылмай, сондай-ақ «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», аумақтарды, агроөнеркәсіп кешенін дамыту сынды бағдарламалармен де қаржыландырылып жатқан көрінеді.

Үстіміздегі жылы жоғарыда аталған 20 тірек ауылды қолдау мақсатында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 23,9 млрд. теңге көлеміндегі қаражат инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ екен. Дегенмен, тірек ауылдар тізіміне енбей қалған 570 ауылдық елді мекеннің жағдайы да билік назарынан тыс қалмайды.

Бұл ауылдарда осы кезге дейін жүргізіліп келген жұмыстар жалғасын табады. Олардың айырмашылығы - тірек ауылдар мен олардың тізіміне енбеген ауыл-аймаққа қарастырылатын қаржысында ғана болмақ. Яғни тірек елді мекендерге қаражат басқаларына қарағанда екі-үш есеге артық болады, - деді Фархад Бельбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы