ШҚО-да алдағы бес жылда 33,4 мың пәтер пайдалануға берілмек
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде 700-ге тарта отбасын баспанамен қамтитын бірқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, қазір ел аумағында халықты баспанамен қамтуға арналған «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатса, Шығыс Қазақстан аумағында оған қоса облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Бір қабатты Шығыс» өңірлік жобасы қолға алынған.
Жоба аясында өткен жылы жеке кәсіпкерлер есебінен жалпы ауданы 36,6 мың шаршы метрді құрайтын 382 пәтерлік бірқабатты үй пайдалануға берілген болатын. Олар кейіннен аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін облыстық қаражат есебінен сатып алынды. Ал ағымдағы жылы жоба аясында жеке кәсіпкерлер есебінен жалпы ауданы 61,9 мың шаршы метрді құрайтын 678 пәтерлік 475 бірқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ахмамбетов.
Оның айтуынша, биыл құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлердің 225-і - кредиттік үйлер. Яғни бұл үйлер «Отбасы Банк» акционерлік қоғамы арқылы кезекте тұрғандарға сатылатын болады. 421 тұрғын үй – жалға берілетін үйлер болғандықтан, жеке кәсіпкерлерден жергілікті қаражат есебінен азқамтылған көпбалалы отбасылары мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алынбақ. Сондай-ақ биылғы жылы өрттен зардап шеккен риддерліктер де осы баспанадан өз үлестерін алмақ. Атап айтсақ, 32 үй Риддер қаласында өрттен зардап шекккендер үшін жеке кәсіпкерлерден сатып алынатын көрінеді.
Жалпы облысымызда тұрғын үй құрылысының жүргізілу қарқыны жаман емес. Мұның бір дәлелі биылғы жылы барлық қаражат көзі есебінен бір миллионға жуық шаршы метр тұрғын үйдің немесе 11 мың пәтер құрылысының жүргізіліп жатуы. Облыстық басқарманың деректеріне сенсек, жыл соңына дейін 647 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 5,9 мың пәтер ел игілігіне жаратылмақ. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 125 пайыздық өсімді көрсетуде.
Бюджеттік қаражат есебінен кезекте тұрғандар үшін 2 357 пәтер пайдалануға берілсе, оның 2 083-і несиеге берілетін, ал 274 - жалға берілетін пәтерлер. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер есебінен 1 053 пәтер, жеке кәсіпкерлердің инвестициясы есебінен 678 пәтерлік 475 бірқабатты үйлер, тұрғындар есебінен 1800 пәтер болмақ, – деді Азамат Ахмамбетов.
Жалпы соңғы үш жыл ішінде барлық қаражат көзі есебінен облысымызда 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 13 187 пәтер пайдалануға берілсе, тең жартысына таяуы жеке тұрғын үйлер болған.
Айтып өткендей, соңғы 30 жыл аралығында ауыл халқының урбанизациялану қарқынының артуы қалалы жерлердегі баспана кезегін тым ұлғайтып жібергені рас. Осы себепті, аймақтағы тұрғын үйлер құрылысының негізгі бөлігі облыс орталығы Өскемен мен Семей қалаларында жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, бүгінде көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына арналған Өскемен қаласында «Нұрлы жол», «Спорт» және Семей қаласындағы «Қарағайлы» шағын аудандарын игеру жұмыстары жүзеге асырылуда. Дей тұрғанмен, ірі өндіріс ошақтары шоғырланған шаһарлардан бөлек, аудан орталықтары мен тірек елді мекендердегі тұрғын үй құрылыстары да назардан тыс қалған емес. Жеке инвесторлар есебінен бір қабатты үйлер құрылысы облысымыздың барлық ауданында және бұрынғы аудан орталықтарында жақсы қарқынмен жүріп жатыр.
Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлерді ынталандыруға көп көңіл бөле отырып, жекеменшік инвестициялар есебінен көпқабатты коммерциялық үйлер мен бір қабатты үйлер құрылысы көлемін көбейтуге, яғни тұрғын үй құрылысы саласына көптеп инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп жекеменшік инвестициялар есебінен коммерциялық үйлер салу тетігі әзірленді. Бұл жерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан 25 пайыз, ал жекеменшік инвестор тарапынан 75 пайыз инвестиция тарту жоспарланған, – дейді Азамат Ахмамбетов.
Яғни, жекеменшік инвесторларға тұрғын үйлердің әзірленген жобалық-сметалық құжаттамасы мен жер учаскелері беріледі. Бұл өз кезегінде тұрғын үйлерді салуды бастауды жеделдетіп, құрылысқа рұқсат беретін құжаттарды алу мерзімін қысқартады.
Ағымдағы жылы осы бағыт бойынша Өскемен және Семей қалаларында жалпы сомасы 26 млрд теңгені құрайтын 19 коммерциялық тұрғын үйдің құрылысы басталды. Сөйтіп 1 443 пәтер тұрғындарға беріледі.
Оның ішінде мемлекеттің үлесі 5 млрд теңгені құрайды. Яғни, бір теңге мемлекет қаражатынан құйылса, төрт теңге жекеменшік инвестиция тартылатын болады. Оған қоса, «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында жеке тұрғын үйлер құрылысын инженерлік желілерімен қамтамасыз етілуіне қарай үш сатымен іске асыру көзделген. Атап айтсақ, инженерлік желілер құрылысына бюджеттен 29 млрд тенге сала отырып, 642 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруде 150 млрд теңге мөлшерінде жекеменшік инвестиция тартуға болады. Осылайша бұл жерде де бір теңге мемлекет қаражатына бес теңге жекеменшік инвестиция тартылады, – деді Азамат Ахмамбетов.
Алдағы бес жыл көлемінде барлық қаражат көзі есебінен облыс бойынша 3 795,7 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 33,4 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жоғарыда атап өткендей, қазір «Бір қабатты Шығыс» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары облысымыздың барлық ауданы мен Өскемен, Семей және Риддер қалаларында жақсы қарқынмен жүргізілуде. Жоба аясында үстіміздегі жылы жеке инвесторлар арқылы жалпы ауданы 107,2 мың шаршы метрді құрайтын 845 бір қабатты үйдің құрылысы жопарланған.
Жалпы құны 15 млрд теңгеден асып жығылатын бір қабатты тұрғын үйлердің кредиттік бағыттағы 214 тұрғын үйі кезекте тұрғандарға «Отбасы банк» акционерлік қоғамы арқылы сатылса, 218 тұрғын үй жергілікті бюджет есебінен жеке кәсіпкерлерден сатып алынып, кезекте тұрғандарға биыл жалға беріледі. Бұдан бөлек, 381 үй республикалық және жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, 2022 жылы жалға беріледі. Оған қоса, 32 үй Риддер қаласында өрттен зардап шеккендерге сатып алынады. Тағы бір айта кететін жайт, жеке кәсіпкерлер арқылы салынып, жергілікті бюджет есебінен сатып алынатын бір қабатты тұрғын үйлер кезекте тұрғандарға жергілікті әкімшіліктердегі комиссия шешімімен бөлетін болады, – деді Азамат Ахмамбетов.
Қоса кетсек, биыл республикалық қаражат есебінен көпбалалы аналарға арналған 61 пәтер және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 213 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.