ШҚО бизнес жобаларды қолдау бойынша үшінші орында

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс өңірі «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасымен субсидияланған жобалар бойынша елімізде үшінші орынды алады.

Бұл туралы облыс тұрғындары алдында 2020 жылды қорытындылаған аймақ басшысы Даниал Ахметов хабарлады. Өткен жылы шағын және орта бизнестің арқасында облыс бюджетінің 14,1 млрд теңгеге артқанын алға тартқан ол, негізгі капиталға құйылған инвестициялардың 130 пайыздан астам көлемде ұлғайғанын атап өтті.

Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясынла субсидияланған жобалардың саны көп. Осының арқасында облысымыз бұл бағытта ел өңірлері арасында үшінші орынға шықты. Сондай-ақ, осы уақытқа шейін «Ақ Ниет» несиелендіру бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 7,2 млрд. теңгеге 150-ден астам жоба іске асырылса, оның 1,5 миллиардтық қырық жобасы тек өткен жылы ғана жүзеге асырылған, - деді Даниал Ахметов.

Қоса кетсек, былтырғы жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында жақсы қарқын сақталған. Атап айтсақ, бір жыл ішінде құйылған өңірге инвестициялар 112 пайызға, құрылыс - 127 пайызға, өнеркәсіп - 101,5 пайызға, ал ауыл шаруашылығы – 102,6 пайызға артқан. Жыл көлемінде 520 мың шаршы метрден астам тұрғынүй қолданысқа берілген. Сонымен қатар, бюджет кірістері ұлғайып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы