Мүгедектерге шипажай жолдамасы берілмей жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар жаз ортасы болса да мемлекет тарапынан берілетін жолдамаға қол жеткізе алмай отыр, деп жазады Aktobenews.kz.
Жылда осы уақытта сауықтыру орындарына берілетін жолдама биыл кешіктірілуде. Шипажайға жолдама берілетін уақыт кейінге шегерілген сайын жарымжан жандар демалыссыз қаламыз ба деп алаңдап отыр.
«Енді жаздың ортасы болды. Емделгіміз келеді. Бой жазамыз. Өзіміз секілді адамдармен кездесудің өзі үлкен терапия. Жылда мен секілді адамдар Шымкент қаласына барып ем алып келеді. Бұл жылы кешіктіріліп жатыр», - дейді бірінші топ мүгедегі Әлия Сағындықова.
Жауапты мекемелер жолдаманың кешігуін тендермен байланыстырады.
«Төрт мәрте жарияланған тендерге бір ғана шипажайдан басқа ешкім түскен жоқ. Ал мемлекеттік сатып алу туралы заңына сәйкес, егер бір ғана қатысушы тіркелсе, ол өтпеген болып саналады. Тағы да тендердің өтуін күтуден басқа амал жоқ», - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Ақтөбе облысы бойынша биыл 1017 мүгедекке сауықтыру орнына жолдама қарастырылған. Оған бюджеттен 120 млн теңге бөлінген.