Шілдеден бастап Қазақстан мен Германия арасында әуе рейстері көбеймек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шілде айынан бастап Қазақстан мен Германия арасында аптасына 15 рейс ұшады.
Оның ішінде Орал – Франкфурт бағыты бойынша да рейстер бар.
ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
15 мамырдан бастап Air Astana әуекомпаниясы А321LR үлгісіндегі әуе кемесінде Нұр-Сұлтан – Франкфурт бағыты бойынша әуе рейстерін аптасына 5-тен 6 рейске дейін, сондай-ақ 1 маусымнан бастап 6-дан 7 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, 2 маусымнан бастап Lufthansa авиакомпаниясы А330/А340 әуе кемесінде Франкфурт – Нұр-Сұлтан/Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстер санын аптасына 4-тен 5 рейске дейін, 4 шілдеден аптасына 7 рейске дейін ұлғайту жоспарда бар, - делінген министрлік ақпаратында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, барлық рейс санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.