Шілде айында баспана бағасы қалай өзгерді?
Бір жылда (былтырғы және биылғы шілде айларын салыстырғанда) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,4%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,6% өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2022 жылғы шілдеде 20,8% артты.
Статистика бюросының мәліметінше, өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығындағы баспана жылдық мәнде Ақтөбе қаласында – 32,5%, Нұр-Сұлтанда – 27,6%, Өскеменде 26,1% қымбаттады.
Қолданыстағы үйлерді қайта сату нарығында баға өсімі бойынша көшбасшылар – Қызылорда (44%), Өскемен (43,7%), Талдықорған (43,4%) және Нұр-Сұлтан қалалары (41,3%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Алматы қаласы (47,2%).
Бір айдың ішінде (2022 жылғы шілде мен маусымды салыстырғанда) пәтерлерді қайта сату бағалары – 0,8%, жаңа тұрғын үйді сату 0,5% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда шілдеде 0,4% жоғарылады, - делінген хабарламада.
Статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктеп байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпаратты сату операцияларын жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.