2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорт көлемі 1,5 есе ұлғаяды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.

«Ірі өткізу нарықтарының қашықтығын есептегенде, тауарлардың өзіндік құны бойынша тасымалдау үлесі 30%-ға дейін жетеді. Бұл экспорттық нарықтардағы бағалардың бәсекеге қабілеттілігіне айтарлықтай әсер етеді. Биыл алғаш рет экспорттаушыларға қосылған құн үлесі көп дайын өнімді экспорттау үшін көлік шығындарын өтеу қарастырылды. Осылайша, кәсіпкерлік субъектілерді мемлекеттік қолдауды қамту мақсатында олардың санатына байланысты өтемақы критерийлері белгіленді. Ірілеріне 30%, орта кәсіпкерлік субъектілерге 50% және шағындарына 60%. Шығындарды өтеу темір жолмен және автомобильмен тасымалдау үшін қарастырылған», - деді министр.

Айтуынша, экспортты ілгерілетудің қазіргі жүйесі «Бір терезе» қағидаты бойынша экспорттаушыларға қолдау көрсетудің жаңа моделін енгізуді талап еткен.

«Бұл талап басым салалардың экспортын қолдауда салалық мемлекеттік органдар мен операторлар арасындағы өзара іс-қимылдың болмауына байланысты болды. Бүгінде Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы базасында «Экспорттаушылар үшін бір терезе» жұмыс істейді. Бұл орталық экспорттаушыларға өнімді және әлеуетті сатып алушыларға арналған базарларды, кедендік-логистикалық қызметтерді, мемлекеттік қолдау шараларын және проблемаларды шешуде жан-жақты қолдау көрсетеді. Экспорттаушыларды қолдау бойынша қабылданған жүйелік шаралар 2022 жылға дейін шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін министр Қазақстан 120 елге 800 тауар түрін шығаратынын және отандық құрылыс компаниялары құрылыс саласындағы халықаралық нарықтарды дамытуға кіріскенін айтқан болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы