Шиеліде 16 жастағы оқушыны өлтірген азамат 20 жылға сотталды
Қызылорда облысында 16 жастағы Балсұлу Өмірзақты өлтірді деп айыпталған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қылмыстық іс Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
Қайғылы оқиға 2026 жылдың маусым айында Шиелі ауданында болған. 16 жастағы мектеп оқушысы үйінен шығып, қайта оралмаған. Бір тәуліктен кейін оның денесі Жақаев каналынан табылған. Марқұмның мойнына сым оралғаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, 22 жастағы айыпталушы жасөспіріммен әлеуметтік желі арқылы танысқан. Кейін оны су арнасының маңына апарған. Араларында жанжал туындап, ер адам қызды кәбілмен тұншықтырып өлтірген, содан соң денесін суға тастаған.
Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы, яғни кәмелетке толмаған адамды қасақана өлтіру бойынша кінәлі деп таныды. Оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған азамат жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сонымен қатар сот үкімімен марқұмның анасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы өндірілетін болды.