Шетке кеткен шебер алғашқы ойынын сәтті өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан құрамасының капитаны әрі алматылық "Қайрат" клубының экс-шабуылшысы Бауыржан Исламхан БАӘ чемпионатында "Әл-Айн" сапында алғашқы ойынын өткізді.
Vesti.kz сайтының жазуына қарағанда, қазақстандық футболшының командасы "Әл-Васла" клубын өз алаңында қабылдаған.
Бауыржан алаңға 71-минутта есеп 3:0 ("Әл-Айн" пайдасына - авт. түсіндірмесі) кезінде шықты.
Исламхан алаңға шыққаннан кейін "Әл-Айн" тағы екі жауапсыз гол салды, нәтижесінде ойын 5:0 есебімен аяқталды. Сондай-ақ, алаң иелері бір ойыншыға кем ойнады. Қазақстандық футболшы ойын барысында нәтижелі пас шығарды.
Келесі ойында "Әл-Айн" өз алаңында "Әл-Шардж" клубының ойыншыларын қабылдайды. 27 ұпай жинаған Исламханның командасы жалпы есепте екінші орында келеді, ал қонақтар 24 ұпаймен төртінші орында тұр. Ойын 7 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 22:15-те басталады.
"Әл-Айн" Исламханмен келісімшартқа отырғаны туралы 31 қаңтар жарияланды. Жаңа клубта қазақстандық сегізінші нөмірде өнер көрсетеді. Бауыржан Исламхан "Әл-Айн" футболшысы ретінде алғаш сұхбат беріп, жаңа клубпен жаттығу жасап үлгерді. Ол БАӘ чемпионатының ең қымбат ойыншыларының ондығына кірді.