Біз шетелге шикізат қана жібермеуіміз керек – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор, Экономикалық саясат, инновациялық даму жəне кәсіпкерлік жөніндегі комитет төрағасы Асқар Бейсенбаев еліміз шетелге шикізат емес, дайын өнімдер экспорттауы керек дейді.

"Барлығымыз "бізде теңізге шығатын жол жоқ" деп айтамыз. Қазақстан үшін теңіз бен үлкен нарық ол – Қытай. Ал біз болсақ, əлі күнге дейін Қытайға жөндеп ұнымызды, не бидайымызды, не етімізді сата алмаймыз. Тек соңғы кездері ғана бірінші партияны жібердік. Қытайдың Қазақстанның барлық шығарған өнімдерін толық өзіне қабылдауға, оның ақшасын төлеуге толық қабілеті бар. Өкінішке орай, не Ресей, не басқа емес, дəл Қазақстан осы салада өте нашар жұмыс істеп жатыр", - деді Асқар Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан құрылған бидай мен мал шаруашылығы саласына жауапты ұйымдар құрдымға кеткен.

"Міне – сіздердің проблемаларыңыз. Енді бұл жарамайды, жұмыс істеу керек. Біз Иранға, Қытайға, басқа мемлекетке шикізат жібермеуіміз қажет. Біз өңделген тауар жіберуіміз керек. Сонда Қазақстанның экономикасы дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Яғни біз өз өнімдерімізді толық өңдеуіміз қажет. Ал енді Қазақстанның Қытайға жіберетін тауарларына талдау жасап көрейік. Біз не шығарып жатырмыз? 38,6% – минералдық өнім, оның ішінде металл, химия. 49% – ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңделмеген түрі, яғни шикізат. Ал біз ол жақтан не əкелеміз? Машина құралдары, химия өнімдері, текстиль жəне тағы басқа. Егер мемлекет экономикасын дамытқысы келсе, бірінші өнім өңдеп, одан кейін бізде шығатын өңделген өнімдерді көбейтуі керек. Міне, осыған назар аударуымыз қажет. Бұл салада əлі жұмыс көп", - деді Бейсенбаев.

Отырысқа Ұлттық экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі мен басқа да ведомство өкілдері қатысты.

Атап өтсек, бүгін Экономикалық саясат, инновациялық даму жəне кәсіпкерлік жөніндегі комитет "Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер жəне екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" ҚР Заң жобасын қарады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы