"Шетелге бала беретін кәсіп болған": Депутат бала асырап алу мәселесі туралы айтты
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шетелден келіп биологиялық ата-анасын іздеп жүрген азаматтарға қатысыты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілі депутатқа "Қазақстаннан бала асырап алу оңай. Кейбір елден кеткен балалар қайтадан биологиялық ата-анасын іздеп келіп жатыр. Бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізіле ме?" деп сұрақ қойды.
Ондай оқиғалар болды. Мәселе міндетті түрде көтеріліп, заң аясында қаралуы керек. Өкінішке қарай, заңсыз әрекеттер болған. Біздің қазақстандық азаматтар бала асырай алмай қиналып жүргенде, шетел азаматтары үшін бұл жұмыс біткен. Яғни бизнеске айналған уақытыболды. Менің ойымша, заң арқылы ғана емес, мұны құқық қорғау органдарыда да қолға алуға тиіс, – деді Әбенов.
Депутат "шетелден ата-анасын іздеп келген балаларға мемлекет көмектесе ме?" деген сұраққа да жауап берді.
Біз міндетті түрде іздеп келген адамға көмектесуіміз керек. Ол адамның - құқығы, сондықтан биологиялық ата-анасын табуға көмек берген жөн. Мұны алда әлі зерттеп қараймыз, – деді Мұрат Әбенов Президенттің Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатын талқылау туралы өткен жиынның аясында.