Шетелдіктер Қазақстанға қандай ем алу үшін келеді? ДСМ негізгі бағыттарды атады
Қазақстанға шетел азаматтары санаторий-курорттық ем, стоматологиялық қызметтер және күрделі медициналық процедуралар алу үшін келеді. Медициналық туристердің 80 пайызына дейінгі бөлігі көршілес елдердің азаматтары. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, Қазақстанға медициналық қызмет алу үшін негізінен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей азаматтары келеді.
Шетелдіктер арасында санаторий-курорттық емдеу қызметтеріне де сұраныс бар. Олар Қазақстандағы санаторийлерге келіп, денсаулығын түзеп, оңалту және реабилитация қызметтерін алады.
Сондай-ақ стоматологиялық қызметтер шетелдік пациенттерді қызықтырады. Сұлтанғазиевтің сөзінше, Қазақстанда стоматологиялық қызметтердің бағасы бірқатар мемлекетпен салыстырғанда төмен, ал сапасы жоғары. Әсіресе Еуропа мен Түркиядан келетін азаматтар үшін мұндағы баға тиімді.
Вице-министр шетелде стоматологиялық имплант орнату құны 10 мың АҚШ доллары немесе еуроға дейін жететінін атап өтті. Ал Қазақстанда медициналық тексерулерден өту әлдеқайда арзан екенін айтты.
Бұдан бөлек, шетел азаматтары Қазақстанға кардиохирургия, нейрохирургия, онкология және репродуктивті медицина бағыттары бойынша да емделуге келеді.