Шетелдіктер алғашында Кабирханды менсібеді – Тілек Мұқанбетқалиев

Алматыда қазақстандық Кабирхан тұлпарының әлемдік аренадағы жеңістеріне орай баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жиынға спикер ретінде «Qazaq Jockey Club» төрағасы Мақсат Ахаев, Кабирхан тұлпарының иесі Тілек Мұқанбетқалиев және Кабирханның бірінші жокейі Юлдашев Руслан және Алматы ипподромының атбегілері қатысты.

Айта кетейік, 2024 жылдың 26 қаңтарында БАӘ-дегі ғаламшардағы ең үлкен «Мейдан» ипподромында Аль-Мактум Челендж бас ат шабысында 4 жасар асыл тұқымды Кабирхан айғыры сөзсіз жеңіске жеткен болатын. Кабирханның иесі Тілек Мұқанбетқалиев айтуынша, шетелдік сарапшылар алғашқы кезде қазақстандық тұлпарға мүлдем мән бермеген. Алайда Кабирханның жеңісінен кейін қазақстандық тұлпарға төрткүл дүниенің көзі түскен.

Еуропада, Араб елдерінде және АҚШ мемлекетінде жарыс деңгейі жоғары болғандықтан, көбіне бізді менсібейді. Расында, ат спортының деңгейі бізде төмендеу, Қазақстанда да, Ресейде де бәсекелестік аздау. Сол үшін Дубайдағы жарыста шетелдіктер бізге көп мән берген жоқ. Алайда бірінші жарыстан кейін сарапшылар мен букмекерлер Кабирхан туралы айта бастады. Жалпы бұл жарыс 30 наурыз күні Дубайда өтетін әлем кубогының іріктеу кезеңінің бір бөлігі болатын. Енді біз финалға шықтық. Алдағы жарыстың жүлде қоры 12 млн АҚШ долларын құрайды, – деді Тілек Мұқанбетқалиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы