Шетелдіктер қандай жағдайда елден шығарылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бейбіт Мамраев ІІМ өкіліне белгіленген мерзімде Қазақстан аумағында тіркелмеген шетелдіктерді елден шығарып жіберу мәселесін көтерді.
«517-баптың бірінші бөлігінде көзделген мерзімдерден астам уақыт ішкі істер органдларында тіркеуден өтпей, заңнаманы бұзған адамдарға енді 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе ҚР аумағынан шығарылу жазасы көзделген. Аталған баптың бірінші бөлігінде өз айыппұлы бар мерзімдердің сараланған түрде өсіп отыруы белгіленген. Бірақ бұзушылық нақты қандай мерзімнен асқанда туындайтыны түсініксіз. 517-бабтың 2-бөлігін түсіндіріп өтсеңіз және іс жүзінде пайдалану кезінде қарама-қайшылық болмай ма?», - деп ол ІІМ өкіліне сауалын жолдады.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев сауалға жауап беріп, Қазақстанның туристік және инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қазіргі заңнама бойынша азамат елден шығар кезде, мысалы белгіленген мерзімнен артық уақытта тіркелмесе, ол елден шығарылады. 517-баптың 2-бөліміне сәйкес міндетті санкция 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе елден шығаруды көздейді. Елден шығарып жіберу – сотпен тағайындалатын жаза, яғни ол азамат шекараға келгенде біздің елімізден шығып кете алмайды, ІІМ, ҰҚК секілді құзыретті органдар материалдарды жинап, сотқа тапсырады. Шетелдік осы мәселе сотпен шешілгенге дейін елімізде қалады, ал бұл жағдай елімізге туристерді тартудың мотиві бола алмайды. Сол себепті осы жағдайды өзгертуді ұсынамыз. Бірінші жағдайда – үш күнге дейін ескерту, бес күнге дейін – 5 АЕК мөлшерінде, 10 күнге дейін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделеді», - деді министрдің бірінші орынбасары.