2 Қазан 2026, 15:43 Фото: ©BAQ.KZ/жасанды интеллект

Шетелдік туристермен тіл табысу: Сала мамандары қаншалықты дайын?

Қазақстандағы туризм саласының дамуы мамандардың тілдік дайындығымен де тікелей байланысты. Сарапшысы Ақтоты Қадыржанова BAQ.KZ тілшісіне берген пікірінде шетелдік туристермен сапалы байланыс орнату үшін қызметкерлердің бірнеше тілді меңгеруі маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, тілдік құзырет туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, елдің туристік тартымдылығын күшейтеді.

Бүгінде Қазақстандағы туризм саласы мамандарының тілдік дайындығы шетелдік туристердің үмітіне қаншалықты сай келеді?

Сарапшының сөзінше, соңғы бірнеше жылда шетелдік туристермен тілдік байланысты оң өзгерістер байқалады.

Әсіресе Астана, Алматы, Түркістан сияқты туристер жиі келетін қалаларда қызмет көрсететін мамандардың шетел тілдерін меңгеру деңгейі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары, - дейді маман.

Оның сөзінше, қазіргі турист тек қонақүйге орналасып немесе экскурсия тыңдап қана қоймайды.

Ол жергілікті мәдениет туралы сұрайды, бағыттарды нақтылайды, кейде күтпеген жағдайларда көмекке мұқтаж болады. Осындай кезде қызметкердің тілдік дайындығы бірден байқалады. Сондықтан саланың әлеуеті бар болғанымен, шетелдік қонақтардың барлық сұранысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін мамандардың тілдік құзыретін жоғары болғаны қажет деп санаймын, - дейді маман.

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда шетелдік туристермен байланысуда бірінші орында ағылшын тілі тұр. Бүгінде әлемнің қай елінен келсе де, көптеген турист ағылшын тілін ортақ қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланады.

Сондықтан бұл тілді білмей халықаралық туризм нарығында сапалы қызмет көрсету қиын. Соңғы жылдары қытай тілінің маңызы айтарлықтай артты. Қазақстанға Қытайдан келетін туристер саны өсіп келеді, ал олардың бір бөлігі өз тілінде қызмет алғанды жөн көреді. Сонымен қатар түрік тіліне де сұраныс жоғары деп ойлаймын. Бұл екі ел арасындағы мәдени және туристік байланыстардың нығаюымен байланысты. Меніңше, болашақта корей, араб және неміс тілдерін меңгерген мамандарға да сұраныс арта түседі. Себебі Қазақстан жаңа туристік нарықтарға шығуға ұмтылып отыр және келушілердің географиясы кеңейіп келеді, - дейді маман.

Оның сөзінше, тәжірибеде ең жиі кездесетін мәселе – ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуі. Кейде қызметкер туристің нақты сұранысын түсінбей қалса, кейде керісінше турист ұсынылған ақпаратты толық қабылдай алмайды.

Мұндай жағдайлар қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Әсіресе төтенше немесе күтпеген жағдайларда тілдік кедергі қатты сезіледі. Мысалы, рейс кешіккенде, құжат жоғалғанда немесе медициналық көмек қажет болғанда турист нақты әрі жылдам ақпарат күтеді. Осындай сәттерде шетел тілін еркін меңгерген маман мәселені әлдеқайда тиімді шеше алады. Тағы бір маңызды мәселе – елдің имиджі. Көп жағдайда турист Қазақстан туралы алғашқы әсерін әуежайда, қонақүйде немесе экскурсия кезінде қалыптастырады. Егер қарым-қатынас еркін жүрсе, бұл оның жалпы саяхаттан алған әсеріне оң ықпал етеді, - дейді сарапшы. 

Ақтоты Қадыржанованың сөзінше, ең алдымен тіл үйрету тәсілін өзгерту керек. Көп жағдайда студенттер грамматиканы жақсы меңгергенімен, шетелдік қонақпен еркін сөйлесуге қиналады. Сондықтан оқу бағдарламаларында практикалық сөйлесу дағдыларына көбірек көңіл бөлінуі қажет.

Сондай-ақ студенттерді нақты жұмыс ортасына жақындату маңызды. Қонақүйдегі қабылдау бөлімі, экскурсия жүргізу немесе әуежайдағы қызмет көрсету сияқты жағдайларды тәжірибелік сабақтарда жиі қолданған жөн.

Жұмыс берушілер де бұл мәселеден шет қалмауы керек. Компаниялар қызметкерлеріне тұрақты тілдік курстар ұйымдастырып, халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламаларын дамытуы қажет. Қазіргі таңда тіл білу – жай ғана қосымша қабілет емес, кәсіби бәсекеге қабілеттіліктің маңызды көрсеткіші. Сондықтан бұл бағытқа салынған инвестиция туристік қызмет сапасын жақсартуға және Қазақстанның халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыруға тікелей әсер етеді, - деп түйіндеді маман.