25 Қараша 2026, 12:45 Фото: istockphoto.com

Шетелдік туристерге жағдай жасаймыз деп, қазақстандықтар назардан тыс қалмай ма? ДСМ жауап берді

Қазақстанда медициналық туризмді дамыту отандық азаматтардың медициналық көмек алу мүмкіндігіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Шетелдік пациенттерге қосымша сервистік қызметтер ұсынылғанымен, қазақстандықтардың медициналық көмекке қолжетімділігі сақталады. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифингте журналистер медициналық туризмді дамыту кезінде қаржы мен медициналық ресурстар шетелдік, ауқатты пациенттерге ғана бағытталып, отандық азаматтардың жағдайы назардан тыс қалмай ма деген сауал қойды.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, медициналық туризмді реттеу мәселелері бұған дейін заңнамалық деңгейде жүйеленбеген. Жаңа заң жобасында медициналық туризм ұғымы, мемлекеттік органдардың құзыреті және осы нарыққа қатысушылардың жауапкершілігі алғаш рет нақты айқындалады.

Сонымен қатар медициналық туристерді есепке алатын ақпараттық жүйе мен үйлестіруші орган құрылады. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдік азаматтарға медициналық көмек көрсету бойынша бірыңғай ережелер мен стандарттар әзірлейді.

Ең бастысы – бұл біздің азаматтардың мүддесіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Қазақстандықтарға медициналық көмек көрсету, тиісті төсек-орындар мен медициналық қызметтердің қолжетімділігі сақталады, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Оның сөзінше, медициналық туризмді дамыту денсаулық сақтау саласына қосымша инвестиция тартуға және медициналық ұйымдардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Шетелдік пациенттер қосымша сервистік қызметтер үшін өз қаражаты есебінен төлей алады. Мәселен, жайлылығы жоғары палатада жатқысы келетін азамат мұндай қызметке қосымша ақы төлей алады.

Вице-министрдің түсіндіруінше, түскен қаражат медициналық ұйымның өзінде қалады. Бұл медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге және медициналық ұйымдағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Келесі жылы 70 медициналық нысан салынады

Тимур Сұлтанғазиев медициналық туризмді дамыту отандық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын тоқтатпайтынын да атап өтті.

Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында ескірген нысандар кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.

Сонымен қатар келесі жылы елімізде шамамен 70 жаңа медициналық нысан салу жоспарланған. Олардың қатарында перзентханалар, перинаталдық орталықтар, балаларға арналған көпбейінді клиникалар, онкологиялық орталықтар, қалалық және облыстық көпбейінді ауруханалар, аудандық емханалар мен ауруханалар бар.