Шетелдік студенттер аз: АҚШ университеттері табыс көзінен айырылып жатыр
DePaul университеті (Чикаго) шетелдік студенттер санының 30%-ға азаюына байланысты шығындарды қысқартатынын мәлімдеді. Университет президенті Роберт Мануэльдің айтуынша, бұл шешім виза алудағы қиындықтар мен федералды саясаттағы өзгерістерге байланысты қабылданған, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters-ке сілтеме жасап.
Өткен оқу жылымен салыстырғанда DePaul-да шетелдік студенттер саны 755-ке азайды, бірінші курсқа қабылданғандардың саны тіпті 62%-ға қысқарды. Бұған қоса, АҚШ-тағы басқа да университеттерде жағдай ұқсас: магистратураға түсетін шетелдік студенттердің азаюы әсіресе байқалып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Трамп әкімшілігінің иммиграциялық және білім беру саясаты шетелдік студенттердің АҚШ-қа қызығушылығын төмендетті. Виза рәсімдеу қиындап, кейбір университеттерге студент қабылдауға тыйым салынды. Бұған қоса, ғылыми зерттеулерге бөлінетін федералды қаржыландыру көлемі қысқартылды.
NAFSA ұйымының дерегінше, АҚШ-тағы шетелдік студенттер саны 2024-2025 оқу жылында 15%-ға дейін азаюы мүмкін. Бұл ел экономикасына шамамен 7 млрд доллар шығын әкеледі.
Көптеген оқу орындары халықаралық студенттерді толық оқу ақысын төлейтін негізгі табыс көзі ретінде қарастыратындықтан, олардың азаюы университеттердің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай қауіп төндіруде.