Шетелдік сарапшы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарын жоғары бағалады

Astana Open Dialogue алаңында венчурлық қор Sinovation Ventures негізін қалаушы Кай-Фу Ли Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жоспарларына жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін мемлекет пен бизнес бірлесе әрекет етуі қажет.

Сарапшы мемлекеттік қызметтердің қалай өзгеретіні және бұл бизнеске қалай әсер ететіні туралы сұраққа жауап бере отырып, жасанды интеллект дамуының болашағы зор екенін атап өтті.

Біз қазірдің өзінде қуатты ЖИ-агенттердің жай ғана сұрақтарға жауап беретін чат-боттардан әлдеқайда ауқымды мүмкіндіктерге ие екенін көріп отырмыз. Олар бұрын мүмкін емес деп саналған міндеттерді шешуге қабілетті. Бұл – орасан зор мүмкіндік және мен Қазақстанның оны қолдап, дамытуға дайын екеніне қуаныштымын, – деді Кай-Фу Ли.

Маманның айтуынша, әр елдің ЖИ-ге деген көзқарасы әртүрлі.

АҚШ пен Еуропаның тәжірибесі бізге әрқашан сәйкес келе бермейді. Мысалы, Америкада басымдық бизнеске беріліп, компанияларға кең мүмкіндіктер жасалады. Бірақ соның өзінде белгілі бір қиындықтар туындайды, – деді ол.

Кай-Фу Ли Қазақстанның алға қойған мақсаттары нақты әрекеттермен бекітілуі керектігін де ерекше атап өтті.

Бізде Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Ұлттық стратегия бар. Мұндағы ең маңыздысы – тек декларациялар емес, батыл стратегиялық қадамдар. Мәселен, Қытайда жаңа саясат қабылданды: екі жыл ішінде негізгі процестердің 70%-ы жасанды интеллект арқылы жүзеге асуы тиіс. Бұл – батыл мақсат. Бізге де осындай амбициялық ойлау қажет, – деді сарапшы.

Сонымен бірге ол білім мен ғылымның ЖИ саласындағы табыстың негізі болатынын айтты.

Мұнда университеттер мен зерттеу орталықтарының жұмысы аса маңызды. Мамандар даярлау мен ғылыми базаны қалыптастыру - Қазақстандағы жасанды интеллекттің болашағы үшін негізгі іргетас, – деп түйіндеді Кай-Фу Ли.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы