Шетелдік сарапшы Қазақстандағы саяси реформаларға баға берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында жариялаған бастамалар елдегі саяси реформалардың жалғасы болды. Атап айтқанда, Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту, сондай-ақ мемлекеттік басқару моделін өзгерту туралы сөз қозғалды. Бұл шешімдер Қазақстан ішінде ғана емес, шетелде де қызығушылық тудырып отыр. BAQ.KZ тілшісі әзербайжандық саяси сарапшы Эльхан Шахиноглудан бұл өзгерістер Қазақстанға деген халықаралық көзқарасқа және елдің өңірлік саясаттағы ұстанымына қалай әсер ететінін сұрады.
“Атлас” cаяси зерттеулер орталығының басшысы Эльхан Шахиноглу халықаралық шиеленіс пен қақтығыстар күшейген қазіргі жағдайда Қазақстан Еуразия мен Орталық Азияда тұрақтандырушы фактор ретінде көрінетінін атады.
Қазақстан көршілес елдермен, Ресей және Қытаймен, сондай-ақ Еуропалық одақ пен АҚШ-пен серіктестік қарым-қатынас орнатты. Бұл байланыстар үшінші елдерге қарсы бағытталмаған, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, сыртқы саясаттағы осындай ұстанымды Әзербайжан да ұстанып келеді. Ел өзара мүдделерге негізделген ынтымақтастықты дамытып, ЕО және АҚШ-пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруда. Шахиноглудың пікірінше, дәл осы фактор екі елдің сыртқы саясат пен қауіпсіздік стратегияларының ұқсастығын айқындайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында көтерген бастамаларға тоқталған сарапшы олардың жүйелі әрі логикалық сипатта екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Парламент пен қоғамдық институттардың рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстары институционалдық реформаларды жалғастыру үшін маңызды. Бүгінде кез келген мемлекеттің басты міндеті – заманауи сын-қатерлерге қарсы тұру. Қазақстан дәл осы жолмен келе жатыр, – деді ол.
Шахиноглу Президенттің сөзіндегі экономикалық блокқа да назар аударып, елдің одан әрі экономикалық дамуы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.
Әзербайжан көзқарасы
Сарапшының айтуынша, Әзербайжанда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мұқият қадағаланып отыр, өйткені қуатты әрі тұрақты Қазақстан бүкіл өңірдің стратегиялық мүдделеріне сай келеді.
Күшті әрі өзіне сенімді Қазақстан Әзербайжан мен бүкіл Оңтүстік Кавказдың өмірлік маңызды мүдделеріне жауап береді. Біз бауырлас ел алға қойған мақсаттарына қол жеткізетініне сенімдіміз, – деді ол.
Сарапшы Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінің өзара жақындасып келе жатқанын, ал Түркі одағы мен Орта дәлізді дамыту сияқты бастамалар Баку мен Астана арасындағы стратегиялық әріптестікті күшейтіп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, ол Қазақстан Президентінің Әзербайжанды бастапқыда “5+1”, кейін “6+1” форматына қосу туралы ұсынысын жоғары бағалады.
Екі палаталы парламенттің орнына бірыңғай Халық жиналысы – Құрылтай құру бастамасына пікір білдірген Шахиноглу бұл идеяға оң баға берді.
Референдумда Қазақстан халқы өз пікірін білдіреді. Әлеуметтанулық сауалнамалар бірыңғай парламент идеясын қолдайтынын қазірдің өзінде көрсетті, – деді ол.
Оның пікірінше, елдегі саяси және экономикалық реформалар өзара тығыз байланысты, ал өзгерістер объективті қажеттіліктен туындап отыр.
Сарапшы партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламент моделі әлемдік тәжірибеге сай келетінін де атап өтті.
Қазіргі әлемде ұлттық парламенттердің жартысынан астамы бір палаталы форматта жұмыс істейді. Бұл заңдарды жедел қабылдауға, әкімшілік шығындарды азайтуға және ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді, – деді Шахиноглу.
Ол Әзербайжан парламенті тәуелсіздік алған сәттен бастап бір палаталы екенін, елде вице-президент институты да жұмыс істейтінін еске салды. Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжан саяси реформалардың жекелеген элементтерін бір-бірінен алып, өз жағдайларына бейімдей алады.