Айыппұлын төлемеген шетелдік жүргізушілерге елге кіруге тыйым салынуы мүмкін
ІІМ мәліметінше, шетелдік көлік иелерін анықтау бірыңғай сақтандыру деректер базасы мен мемлекеттік шекарадан өту кезінде жиналған ақпарат арқылы жүргізіледі.
Қазақстанда шетелдік мемлекеттік нөмірмен жүретін көліктер жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда автоматты камералар арқылы анықталады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, жол ережесін бұзуды тіркейтін стационарлық және мобильді фото-бейнетіркеу жүйелері шетелдік көліктердің мемлекеттік нөмірлерін де тани алады. Алайда бұл бағытта белгілі бір техникалық қиындықтар бар.
Әртүрлі мемлекеттерде мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің форматы мен қаріптері әртүрлі болғандықтан, технологиялық шектеулер кездеседі, – деп түсіндірді министрлік.
Шетелдік жүргізушілер қалай анықталады?
ІІМ мәліметінше, шетелдік көлік иелерін анықтау бірыңғай сақтандыру деректер базасы мен мемлекеттік шекарадан өту кезінде жиналған ақпарат арқылы жүргізіледі.
Бақылауды күшейту үшін құқық қорғау органдары сақтандыру базаларымен және ҰҚК Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерімен интеграция жасаған.
Сонымен қатар полиция "Тор" жүйесін пайдаланады. Бұл жүйе жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген, сақтандыру полисі жоқ, іздеуде жүрген немесе жол ережесін үнемі бұзып, айыппұл төлемейтін көліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Айыппұл төлемесе елге кіре алмауы мүмкін
Министрлік Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін шетел азаматтарына да шектеулер қарастырылғанын еске салды.
Заңға сәйкес, егер шетелдік азаматтың алдыңғы сапары кезінде салынған әкімшілік айыппұлдары немесе өзге де әкімшілік жазалары орындалмаған болса, оған Қазақстанға қайта кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Осылайша ІІМ шетелдік нөмірлі көліктердің қозғалысын бақылау бірнеше мемлекеттік база мен цифрлық жүйе арқылы жүргізілетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз:
Енді бұрын қолданылған көлік нөмірін туыстарға қайта рәсімдеуге болады