«Шетелдік үлгімен» – Өскемендегі оқу орындарының бірінде жатақхана ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемендегі үш тілде білім беретін оқу орын - Қазақстан-Американдық еркін университетінде бірінші рет жатақхана ашылды. Оның ашылуы қала күнімен тұспа-тұс келді. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Жатақхана шетелдік үлгімен салынған. Студенттердің тамақтанатын орыны жатын бөлмесінен бөлек. Сондай-ақ ғимарат ішінде үлкен спорт залы да бар. Оқу орынның басшысы Ережеп Мәмбетқазиевтің айтуынша, мұнда 100-ден астам орын бар.
«Студент үйінде шетелдік білім алушылармен қатар жергілікті жастар да тұрады. Жергілікті студенттерге жағдайына және оқу үлгеріміне қарай орын береміз. Жеке меншік оқу орыны болған соң, барлығын қамтуға мүмкіншілігіміз жетіңкіремейді», - дейді Ережеп Мәмбетқазиев.
Студент үйінің лентасын қала әкімі Жақсылық Омар мен Америкадан арнайы келген «Co-Serve International» қорының президенті, ҚАЕУ-дың халықаралық қамқорлық кеңесінің төрағасы Маршалл Кристенсен кесті.
Айта кету керек, аталмыш оқу орынының ашылғанына биыл 25 жыл болды.
«Жаңа жатақханадан бізге де бір бөлме бұйырды. Іші әдемі, барлық жиһаз жаңа! Біз мұндағы шетелдік студенттермен дос болып кеттік. Оларға қаланы аралатып, қажетті кезінде аудармашы боламыз», - дейді білім ошағының шет тілі мамандығының студенттері Әйгерім Жайлауханова мен Саида Әбдукәрім.