15 Қыркүйек 2026, 14:15 Фото: pexels.com

Шетелдік компанияларды санкциялық тәуекелдерге қалай тексереді?

«Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелетін барлық компания санкциялық тәуекелдер мен түпкілікті бенефициарларының адалдығы тұрғысынан тексеруден өтеді. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте АХҚО реттеушісінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде АХҚО-да әлемнің 90-нан астам елінен 6,3 мыңнан астам компания тіркелген. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Сингапур, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей компаниялары бар.

Әр компанияны тіркеу кезінде АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті оның түпкілікті бенефициарларының адалдығын тексереді. Сонымен қатар санкциялық тәуекелдердің бар-жоғын анықтау үшін кешенді тексеру жүргізіледі.

«Бұл – міндетті талап. Сондықтан бүгінде АХҚО-да тіркелген компаниялардың барлығы осындай тексеруден өтті», – деп түсіндірді Еденбаев.

Бақылау компания тіркелгеннен кейін де жалғасады. AFSA өкілінің айтуынша, санкциялық тізімдер уақыт өте өзгеріп, әдетте кеңейіп отырады. Сондықтан АХҚО-да жұмыс істеп жатқан компанияның мәртебесі де өзгеруі мүмкін.

Мұндай тәуекелдерді анықтау үшін реттеуші санкциялық тізімдер мен заңды және жеке тұлғаларды тексеруге мүмкіндік беретін дерекқорларды тұрақты бақылап отырады.

«Жұмыс істеп тұрған компанияларға қатысты да жағдай өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз санкциялық тізімдерге, компаниялардың, заңды және жеке тұлғалардың адалдығын анықтауға арналған дерекқорларға үнемі мониторинг жүргіземіз. Бұл жұмыс тұрақты түрде атқарылады», – деді ол.

Журналистер тіркелген компания кейіннен санкцияға іліксе, қандай шара қолданылатынын да сұрады.

Еденбаевтың айтуынша, мұндай жағдайда компания АХҚО-дағы қызметін тоқтатады.

«Егер мұндай жағдай болуы мүмкін деп қарастырсақ, осындай компания анықталған жағдайда ол АХҚО-дағы қызметін тоқтатады», – деді реттеуші өкілі.

Ол АХҚО тәжірибесінде әзірге мұндай жағдай болмағанын нақтылады.