Шетелдік көліктерді тіркеу: Заңға өзгерістер енгізіліп жатыр – ІІМ
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха шетелдік автокөліктерді заңдастыру шаралары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шетелдік көліктерді елімізге есепке тіркеу - 200 мың теңге. Оған қойылатын жалғыз шарт – көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі тиіс. Аталған өзгеріс 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастырудан өткізу туралы жариялады. Қазіргі уақытта заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілуде,- деді Игорь Лепёха.
Ол тапсырманы орындау мақсатында заңға бірқатар өзгеріс жасалғанын айтты.
Үкімет 11 қаңтарда Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану мен осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған азаматтардың, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидалары мен шарттары және мерзімін бекітті, - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.