Шетелдік емес, отандық шоколадты жеңіздер – Сауда министрі
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлемде какао-бұршақтарының қымбаттауына қатысты пікір білдіріп, оның Қазақстандағы шоколад бағасына әсер етуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде шикізат жеткізу мәселесінде іркілістер байқалып отыр. Бұған ол Қостанай облысындағы кондитерлік фабрикаға барған кезде көз жеткізген.
Баға мен сапаға байланысты белгілі бір мәселелер бар. Мен де бұл жағдайдың кондитерлік өнімдердің құнына қалай әсер ететінін сұрадым. Соңғы 2 аптадағы деректерге сәйкес, шикізат қоры жеткілікті және фабрика өкілдері маусымаралық кезеңде айтарлықтай қымбаттау болмайтынын айтты, – деді Арман Шаққалиев.
Оның сөзінше, Қазақстанда шоколад нарығы бәсекеге өте қабілетті.
Сауда жасайтындар өте көп. Сондықтан олар баға ауқымында күрт өзгеріс болмайды деп отыр. Әрине, белгілі бір түзетулер енгізілуі мүмкін, бірақ бағаның күрт өсуі болмауы керек. Бізде отандық өнім де, импорттық өнім де бар. Ұсыныстар жеткілікті, сондықтан белгілі бір сегментте баға өссе, тұтынушы ретінде таңдау жасай аласыз. Шетелдік Mars компаниясының өнімін емес, өзіміздің “Баян Сұлу” немесе “Солтүстіктегі аю” шоколадына назар аударыңыздар, – деп кеңес берді министр.