Шетелдік БАҚ-тың Қазақстанға деген қызығушылығы артып келеді
Биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты байқауға қатысуға 40 елден 70-тен астам журналист өтінім берген, деп хабарлайды BAQ.KZ СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемнің бес құрлығынан жиналған журналистер мен блогерлер халықаралық қатынастар, тарих, мәдениет, туризм, білім, инвестициялық әлеует, ұлттық тағамдар және басқа да тақырыптарды қамтитын баспа және электронды басылымдарда, танымал интернет-платформаларда, блогтарда, сондай-ақ подкаст түрінде жарық көрген шығармашылық жұмыстарын таныстырды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай, Kazakh Tourism Басқарма төрағасы Талғат Аманбаев және АӨСШК әскери-саяси өлшем сарапшысы Елші Дулат Қуанышев кірген қазылар алқасы конкурстың нәтижесін қорытындылады.
Әлемнің түрлі аймақтары мен номинациялары бойынша 8 шетелдік автор конкурстың жеңімпазы атанды:
Солтүстік және Оңтүстік Америка аймағы бойынша Қазақстандағы жоғары білім, тау-кен өнеркәсібін трансформациялау және елімізді шетелдік инвесторлар алдында тартымды ету тақырыбындағы Canada Eurasia Chamber of Commerce (CECC) подкасттар сериясы үздік деп танылды.
Еуропа елдерінің ішінде испандық журналист Хосе Пуглисидің жұмысы ең көрнекті деп танылды. Ол Иберия түбегінде ғана емес, Латын Америкасы елдерінде де оқылатын «Periodista Digital» басылымында жарияланған Қазақстанның әлемдік аренадағы позициясын нығайтуға арналған мақаласын ұсынды.
«ТМД және Еуразия» номинациясында «Uzdaily.uz» тілшісі Аскар Якубовтың Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тақырыбына арналған мақалалар топтамасы үздік деп танылды.
Азия – Тынық мұхиты аймағы бойынша «The Voice of Vietnam» ұлттық радиосының тілшісі Нгуен Фан Хуонг Суанның Қазақстан тарихы және екіжақты ынтымақтастықты дамыту тақырыптарындағы бірқатар жұмыстары атап өтілді.
Таяу Шығыс пен Африка елдері арасында қазылар алқасы эфиопиялық репортер Госай Фейисса Натеидің бірқатар мақалаларын жоғары бағалады. Құрлықтың 54 мемлекетін біріктіретін Африка мемлекеттері одағының штаб-пәтері Аддис-Абебада орналасуы да Конкурстық комиссияның шешіміне әсер етті.
Kazakh Tourism номинациясы бойынша итальяндық саяхатшы-блогер Филиппо Тентидің Қазақстанның мәдениеті мен туристік орындары туралы «Әлем Оверленд көзімен» атты деректі фильмі жеңіске жетті. Бұл фильм 2023 жылғы қаңтарда Италияның «RAI» бас теледидарында көрсетілді.
Биыл Қазақстанның АӨСШК-те төрағалық етуіне орай алғаш рет АӨСШК тарапынан жеке номинация енгізілді. Қазылар алқасы «Kazakhstan's Unwavering Commitment In Promoting International Peace, Security» мақаласы үшін «Bernama» агенттігі халықаралық бөлімінің редакторы малайзиялық Равичандран Раджаманикам, сондай-ақ «АӨСШК: Жаңа әлемдегі жаңа Азия – Әзербайжанның көзқарасы» мақаласы үшін Наргиз Мамедованы жеңімпаз деп таныды.
Бұрын хабарланғандай, байқау жеңімпаздары ағымдағы жылдың тамыз айында Қазақстанға ұйымдастырылатын сапар шеңберінде Астана, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына саяхаттауға мүмкіндік алады.
Өз жұмысын 2014 жылы бастаған «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» жыл сайынғы байқауы шетелдіктердің еліміздің дамуының өзекті үрдістеріне, оның бай табиғи және мәдени мұрасын дәріптеу, сондай-ақ бүкіл әлемнен шетелдік инвесторлар мен туристерді тарту үшін оның әлеуетін ашуға бағытталған.