Шетелдік БАҚ-та теріс резонанс туындайды. Назарбаева Маминге ескертті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге байланысты Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады.
Қазақстан Республикасының шетелдік инвесторлармен арбитраждық даулары отандық экономикаға инвестицияларды тартудың тежеуші факторларының бірі болып отыр. Төрелік процестердің көп бөлігі ашық түрде жария өткізіледі. Ал материалдар интернетте көпшілікке қолжетімді болуы нәтижесінде шетелдік БАҚ-та теріс резонанс туындайды, бұл ел үшін бедел тәуекелдерінің тұрақты өсуіне алып келеді, - дейді Дариға Назарбаева.
Ол осы ретте төреліктермен жұмыс істеу үшін, оның ішінде мемлекеттік органдардың аралық сот ісін жүргізу орбитасына қатысуын барынша азайту үшін Бас прокуратурада, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде және Әділет министрлігінде мамандандырылған бөлімдер құрылғанынын атап өтті.
Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға көмектесу үшін инвестициялық омбудсмен институты құрылды. Осыған қарамастан, Қазақстан Республикасына инвесторлардың төрелік талап-арыздарының саны ұдайы өсіп келеді. Бұл дауларда инвесторлар өздерінің құқықтары мен мүдделерін қазақстандық тарап бұзады деп мәлімдей отырып, халықаралық төреліктерге жүгінетін инвестициялық даулар басым үлесті алады, - дейді депутат.
Ол әрбір арбитражды дау қазақстандық сот және құқық қорғау жүйелері үшін «стресс-тест» болып отырғанын жеткізді.
Арбитраждар барысында ел экономикасының түрлі салаларындағы мемлекеттік басқарудың жүйелі кемшіліктері анықталады. Олардың қатарына уәкілетті мемлекеттік органдардың жұмыс бағдарламалары деңгейінде инвестордың міндеттемелерін айқындау тәртібі жатады. Өйткені мемлекет инвестицияларды барынша көп тартуға мүдделі болғандықтан, жауапсыз инвесторлар осы жағдайды пайдаланады және үлестес компаниялардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоғары құны бойынша сатып алу арқылы инвестициялау көлемін жасанды түрде ұлғайтуы мүмкін, - дейді Дариға Нұрсұлтанқызы.
Ол осы ретте 2017 жылғы 6 маусымда ағылшын соты «Анатолий Стати жалған ағылшын Perkwood компаниясын пайдалана отырып, алаяқтық жолмен Қазақстан Республикасында газ өңдеу зауытын салу үшін жеткізілген жабдықтың құнын 100 миллион АҚШ долларынан астам сомаға асырып жібергенін анықтағанын айтты.
Жалған басқару қызметтерін көрсетіп, 44 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу және жоқ жабдықтар үшін 72 миллион АҚШ доллары көлемінде төлемдер сияқты басқа да алаяқтық әрекеттерін көрсетуге болады. Осылайша, төрелікке жүгінген кезде жауапсыз инвесторлар жұмыс бағдарламаларында жазылған өздерінің жалған инвестициялары үшін сотқа жүгінеді. Төрелік инвестордың пайдасына шешім шығарған жағдайда, жасанды көтеріңкі сомалар елге борыштық ауыртпалық түсіреді, мемлекет активтері үшін өзге де теріс тәуекелдер жасайды, - дейді мәжілісмен.
Ол Асқар Маминнен мәселенің маңыздылығын және оның инвесторлар үшін Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын қолдау мен сақтау үшін маңызын ескере отырып, осы мәселе бойынша Үкіметтің ұстанымын ұсынуды сұрады.