Шетелдік ғалымдар Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында Шотландия, Ұлыбритания, Канада және АҚШ ғалымдары болды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
"Екі жыл бұрын біз «ГУЛАГ көлеңкесінде: бұрынғы Кеңес Одағында түрмелерді құру, пайдалану және қабылдау» жобасын бастадық. Біздің жобаның мақсаты – адамдардың жазалауға, қазіргі заманғы колониялар мен түрмелерге деген көзқарасын зерттеу болып табылады. Біз қазақстандықтардың, ресейліктердің және басқа да елдердің тұрғындарының осы тақырып туралы пікірін білгіміз келеді. Жоба ГУЛАГ пен Карлагқа бағытталған. Біз өткен тарихты қабылдау қазіргі жазалауға қаншалықты әсер ететінін бағалағымыз келеді. Жоба аясында біз Қазақстан мен Ресейде сауалнама жүргіземіз. Бүгін біз Карлаг туралы көбірек білу үшін Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына келдік. Бұл ГУЛАГ тарихындағы өте маңызды орын. Біз үшін Қарағанды ерекше аймақ", - дейді Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры, жобаның бас зерттеушісі Гэвин Слейд.
Жоба қатысушылары абақтыға қамау тәжірибесі Ресей мен Қазақстандағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси процестермен қалай байланысты екенін көрсету үшін криминологиялық теорияны қолданады.
Гэвин Слэйдтің айтуынша, түрлі елдерден, атап айтқанда Шотландиядан, Америкадан, Англиядан, Ресей мен Қазақстаннан келген ғалымдар тобы үш жыл бойы ГУЛАГ пен КАРЛАГ-тың бүкіл тарихын зерттейтін болады. Олар статистикалық талдаулар, сұхбат және фокс-топтар өткізуді жоспарлап отыр.
"Жоба 3 жылға есептелген. Зерттеуге Назарбаев Университеті мен Санкт-Петербургтегі Жоғары мектеп, сондай-ақ Глазгодағы Стратклайд университеті белсенді көмек көрсетеді. Біздің топтың құрамына әр елден келген ғалымдар, әлеуметтанушылар, криминологтар мен тарихшылар кіреді. Сондай-ақ, біз студенттерді жұмылдарымазы. Біз мұражайларға басым назар саламыз, себебі адамдардың қабылдауына олар қаншалықты әсер ететінін білгіміз келеді. Біз ГУЛАГ іздерін, тарих іздерін зерттейміз. Мен криминологпын және мен сол кездегі түрме жүйесіне аса қызығушылық танытамын", - дейді Гэвин Слейд.
Ғалымдармен бірге Қарағандыға «Юзефаның хаты» жобасының зерттеушісі және авторы Майкл Сагатис келді. Жақында Назарбаев Университетінде «ГУЛАГ көлеңкесінде: Қазақстан мен бұрынғы Одақ елдеріндегі түрме және қоғам» тақырыбында конференция өтті. Онда Майкл Сагатис өзінің жобасын таныстырып, әжесінің хаттарын алғаш рет көпшілік назарына ұсынды.
"Бұл хаттарды 1939 жылы Польшадан жер аударғаннан кейін менің үлкен әжем жазды. Оларды өз қызына жолдап отырды. Оның хаттарында үш тақырып жиі қозғалған. Біріншісі - отбасы. Екінші, негізгі тақырып - күнделікті өмірдің, бағаның, жағдайдың сипаттамасы және оның Кеңес қоғамын жақсартудағы тәжірибесі. Үшінші тақырып - бұл оның қайғы-қасіреті, отанында алты баласы қалған ананың сезімі, оның эмоциялары мен уайымдары. Біз үлкен әжемнің хаттарын тауып алғаннан кейін мен оның тарихын зерттеуге шешім қабылдадым. Мен оны жер аударып жіберген колхозды және қуғын-сүргіннің басқа құрбандарымен бірге жерленген зиратты таба алдым. Менің үлкен әжем Юзефаның репрессияға ұшырау тарихын зерттей келе, мен сондай-ақ Қазақстан тарихы туралы да көп нәрселерді білдім және өзім үшін сол кездегі тарихтың қайғылы парақшаларын аштым. Маған Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы естелікті сақтап қалғаны ұнады, соның арқасында біз осындай мұражайда болу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Осы аптада Мен Қазақстанға тұңғыш рет менің әжем Юзефаның хаттарын және оның тағдырына қатысты менің зерттеуімді осы жерде ұсыну үшін келдім", - дейді Майкл Сагатис.
Шетелдік ғалымдар тобы келесі жылы тағы бірнеше рет Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына баруды жоспарлап отыр. Жоба аяқталғаннан кейін олар Нұр-Сұлтан мен Қарағандыда баспасөз конференциясын өткізеді.