"Шетелден табыс таптыңыз ба" - елге қайтқанда нені ескеру қажет?

Елімізден тыс жерлерде жұмыс істеп, елге оралған азаматтарға қатысты салықтық міндеттемелер бар. Әсіресе, шетелден табыс тапқан қазақстандықтар өз кірістерін заң жүзінде декларациялауға міндетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 633-бабы 4-тармағы 2) тармақшасына сәйкес реттеледі.

Кімдер декларация тапсыруы керек?

Егер сіз шетелден кіріс алған болсаңыз, тұрғылықты жеріңіздегі мемлекеттік кірістер органына кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысанды декларацияны тапсыруыңыз қажет. Мысалы, 2024 жылы шетелден табыс тапқан азаматтар декларацияны 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыруға міндетті.

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 633-бабы 4-тармағы 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі көздерден түсетін кіріс алған жеке тұлғалар кірістер мен мүлік туралы (270.00 нысанды) декларациясын табыстауға міндетті екені көзделген.
Кірістер мен мүлік туралы декларация тұрғылықты (болу) жері бойынша есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тапсырылады. Мәселен, жеке тұлға ҚР аумағынан тыс жерден 2024 жылы кіріс алған болса, 270.00 нысанын 2024 жыл үшін 2025 жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұсынуы қажет, - деді Кірістер комитеті BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Егер шетелден қомақты қаражатпен келсеңіз...

Егер сіз шетелден Қазақстанға 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол қаражат немесе жол чектерін әкелсеңіз, міндетті түрде кедендік декларация толтыруыңыз қажет. Бұл заң "Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы" Кодексімен бекітілген. Мақсаты – ақша қозғалысын бақылау және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Шетелден Қазақстанға келген азаматтарға қатысты

Егер шетелден Қазақстанға келіп жатқан кезінде қолма-қол қаражаттың көлемі 10 мың АҚШ доллар сомасы эквивалентінен асқан жағдайда жолаушылар кедендік декларациясын толтыруға міндеттеледі.

"Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасмы Кодексінің 343-бабы 1-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, кедендік декларациялауға жатады, - деді Кірістер комитеті.

Жеке тұлғалардың шетелден алынған табыстарға салық салу бойынша Салық кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден алынған азаматтардың табыстарына салық салынуға жатады.

Салық міндеттемелері кіріс алатын барлық азаматтарға қолданылатынын атап өту маңызды. Бұл нормалар Конституция мен Салық кодексіне енгізілген.

Шетелдегі азаматтар нені ескеруі қажет?

Азаматтар Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табыс алған жағдайда, есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмейтін мерзімде 10% ставка бойынша ЖТС есептеу арқылы тұрғылықты жері бойынша МКО-ға кірістері мен мүлкі туралы декларацияны (270.00-нысан) ұсыну қажет.

Егер салықтық бақылау туралы айтатын болсақ, онда МКО мониторингі тұрақты негізде, оның ішінде кірістерді көрсетудің толықтығы және салықтарды төлеу мәселелері бойынша жүргізіледі.

Бақылау шаралары барысында әртүрлі ақпарат көздері, оның ішінде ақпарат алмасу туралы халықаралық келісімдер шеңберінде алынатын мәліметтер (шетелдік юрисдикциялардағы ҚР азаматтарының қаржылық шоттары бойынша CRS мәліметтері, 50 мың АҚШ долларынан астам аударымдар бойынша ҚР ҰБ мәліметтері және басқа да көздер) пайдаланылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы