Шетелден келген қандастарымыздың балалары еліміздің көрікті қалаларын аралады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда Қазақстан бойынша тоғыз күн бойы саяхат жасаған 200 баланы қарсы алды. Осылайша «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының 2019 жылғы маусымының екінші сапары аяқталды.
«Бұл жолғы сапардың өзіндік ерекшелігін атап өткен жөн, себебі, бұл жолғы сапарға қазақстандық балалармен қатар Қырғызстан, Ресей және Белорусия сияқты көрші елдерден келген жас қатысушыларда аттанды», - дейді ұйымдастырушылар.
Тур барысында балалар Нұр-Сұлтан, Тараз, Байқоңыр қалаларында болып, Балқаш көлін көріп, оңтүстік астана –Алматының сұлулығын тамашалап қайтты. Балалар әр қаланың тарихымен тереңірек танысып, жаңа достар тауып, сапар барысында түрлі үйірмелер мен мастер-класстарға қатысып, уақыттарын қызықты өткізді.
«Алматының таулары өте әдемі. Ал Байқоңырда зымыран ұшырғанымыз есімде жақсы сақталып қалды. Барлығы өте қызық болды», - деп Самара қаласынан келген Самат саяхаттан алған әсерімен бөлісті.
Балалардың айтулары бойынша елордада оларға бәрінен де Назарбаев Университетіне ұйымдастырылған экскурсия мен ЭКСПО көрмесі ұнаған. Шет елдерден келеген қонақ балалар Нұр-Сұлтан қаласының соншалықты үлкен және заманауи қала екендігін күтпегендерін айтты. Байқоңырда балалар «Қорқыт Ата» мемориалды кешеніне барып, ракета үлгісін ұшырды. Ал Тараз қаласы қатысушыларды өз тарихымен тамсандырды, балаларға бұл қалада ең қатты ұнағаны Айша-Бибі және Қарахан кесенесі болды.
«Маған мұнда болып жатқанның бәрі ұнады. Қазақстанның тарихын зерттеу маған қызық болды, мен енді бұдан да көп жерлерді аралағым келеді. Біз Көк-төбеге көтерілгенде мен отырып маңызды бірдеңе туралы ойлағым келді. Ол жердің атмосферасы ерекше. Дәл сол сәтте мен бұл менің Отаным екенін түсіндім», - дейді Омбы қаласынан келген Мейрам.
Елордаға оралмас бұрын пойыз Балқаш қаласына тоқтады. Онда балалар көлге түсіп, жағада ұлттық ойындар ойнады.
Жобаның 2019 жылғы маусымының соңғы сапары 1 тамызға жоспарланып отыр. Онда тағы 200 бала еліміздің тарихи ескерткіштерін аралап, қалалар бойынша қызықты экскурсияларға қатысып, «релстегі жылжымалы лагерде» өз қатарластарымен ұмытылмас тоғыз күнді бірге өткізу мүмкіндігіне ие болады.
Естеріңізге сала кетсек, 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні «Туған елге саяхат» балалар туристік пойызы» жобасының алғашқы маусымы басталды. Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыруда.