17 Қыркүйек 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Шетелден грант пен қаржы алатындар нені білуі керек? 

Шетелдік көздерден грант, қайырымдылық көмек немесе өзге де қаржыландыру алу фактісінің өзі салық заңнамасын бұзу болып саналмайды.

Шетелдік көздерден грант, қайырымдылық көмек немесе өзге де қаржыландыру алу фактісінің өзі салық заңнамасын бұзу болып саналмайды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті BAQ.KZ сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді.

Комитеттің түсіндіруінше, Салық кодексінің 56-бабының 9-тармағына сәйкес тұлғалар және заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден және азаматтығы жоқ адамдардан ақша немесе өзге де мүлік алғаны туралы салық органдарын хабардар етуге, сондай-ақ оларды алу және жұмсау туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

Бұл талап шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алынған және салық төлеушінің қызметі заң көмегін көрсетуге, қоғамдық пікірді зерделеуге және қоғамдық пікірге сауал салуға, әлеуметтанушылық сауал жүргізуге, ақпаратты жинауға, талдауға және таратуға бағытталған жағдайда туындайды.

Хабарлама мен мәліметтерді ұсыну қағидалары, нысандары және мерзімдері Қаржы министрінің 2025 жылғы 10 қарашадағы №685 бұйрығымен бекітілген. Құжаттың қолданысқа енгізілгені «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде де көрсетілген. 

Комитеттің жауабына сәйкес, субъектілер 017.00 «Мемлекеттік кірістер органдарына шет мемлекеттерден, халықаралық және (немесе) шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алғаны туралы хабарлама» нысанын және 018.00 «Шет мемлекеттерден, халықаралық және (немесе) шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы мәліметтер» нысанын ұсынады.

Хабарлама мен мәліметтер шетелдік көздерден 1 теңгеден асатын мөлшерде алынған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке қатысты ұсынылады, – делінген ресми жауапта.

018.00 нысаны бойынша ұсынылған мәліметтер салық органының дерекқорына енгізіледі. Соның негізінде тиісті тізілім қалыптастырылады. Тізілім жартыжылдық қорытындысы бойынша есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында орналастырылады. 

Комитет белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын да атап өтті.

«Шетелдік көздерден алынған ақша және (немесе) өзге де мүлікті алу және жұмсау туралы хабарлама мен мәліметтерді ұсынудың белгіленген тәртібін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген», – делінген жауапта. 

Сонымен қатар талаптардың тек үкіметтік емес ұйымдарға ғана қатысты еместігі айтылған. Салық кодексінде белгіленген талаптар болған жағдайда олар жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелеріне де қолданылады. 

«Шетелдік көздерден гранттар, қайырымдылық көмек немесе өзге де қаржыландыру алу фактісінің өзі салық заңнамасын бұзу болып табылмайды. Хабарлама мен мәліметтерді ұсыну міндеті салық заңнамасында көзделген талаптар болған кезде туындайды», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.