Шетелден әкелінген көлікке утильалым төлеу тәртібі: нені білу керек?
Жеке мақсатта шетелден әкелінген жеңіл автокөліктерге утильалым төлеу ережелері Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі мен Үкімет қаулыларына сәйкес қатаң реттеледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ тілшісінің сауалына берген ресми жауабында «Жасыл даму» АҚ утильалым төлеу тәртібін нақтылады.
Оператор өз қызметін Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 31-тарауына және өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. ҚР ЭК 386-бабының 1-тармағына сәйкес, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша көлік құралдарын Қазақстан аумағында өндіретін немесе әкелетін жеке және заңды тұлғалар олардың пайдаланудан шыққаннан кейінгі қалдықтарын жинау, тасымалдау, қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша міндеттемелерді орындауға тиіс, – делінген “Жасыл даму” АҚ жауабында.
Компания мәліметінше, өтінімдерді қарау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 25 қазандағы №763 қаулысымен бекітілген ӨКМ қағидалары негізге алынады.
Қазақстанда өндірілген көліктер үшін:
- Көлік құралының паспорты (бар болса);
- Бухгалтерлік есепке сәйкес шетке қорларды беруге арналған жүкқұжат.
ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген көліктер үшін:
- Кедендік декларация;
- Мемлекеттік бақылаудан өткені туралы талон (немесе көшірме);
- Қауіпсіздік сертификаты немесе көлік құралының типін мақұлдау құжаты;
- Жүкқұжаты, шот-фактура (бар болса).
ЕАЭО елдерінен әкелінген көліктер үшін:
- Мемлекеттік бақылау талоны (болмаса, өтінім күні кесіп өту күні болып есептеледі);
- Көлік паспорты немесе тіркеу куәлігі;
- Қауіпсіздік сертификаты немесе типін мақұлдау құжаты;
- Қабылдау-тапсыру актісі (бар болса);
- Жүкқұжаты немесе CMR халықаралық көлік жүкқұжаты (бар болса).
Осы құжаттардың негізінде өндірушілердің немесе импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін орындау қажеттілігі айқындалады, – деп қорытындылады “Жасыл даму” АҚ.
Бұған дейін Қазақстанда көлік шекарадан өткен кезде алынатын утильалымнан 2022 жылдан бері жиналған 394,9 млрд теңгенің қандай мақсатта жұмсалғаны туралы жазғанбыз.