Шетелден 7 айлық қазақстандық бала табылды
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 7 айлық Қазақстан азаматының Ресей Федерациясынан елге оралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлағандай, бүлдіршінді елге алып келген соң, ол бірден балалар ауруханасына қаралып, тексерілге жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Медициналық шаралар аяқталған соң нәресте Балалар үйіне жіберіледі.
Баланы алып келу процесіне әдіскер-қамқоршы және анестезиолог-реаниматолог қатысқан.
Біз үшін әрбір баланың қандай жағдай болмасын, қажетті қолдау алуы маңызды. Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматына барынша қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. Тиісті органдар мен мамандар кішкентай нәрестені елге қайтару үшін орасан зор жұмыс атқарды. Осы жақта оның өсіп-жетілуі үшін білікті мамандар қолдан келгеннің бәрін жасайды, - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. Комитет қажет болған жағдайда балаларды Отанына қайтару үшін бар күш-жігерді салып, олардың кәсіби мамандардың қамқорлығында болуын қамтамасыз ететінін мәлімдеді.