Бүгiн 2026, 14:09 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Шетелдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтар көбейген: Депутат заңнаманы қайта қарауды ұсынды

Әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етуде.

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына депутаттық сауал жолдап, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға қатысты заңнаманы жетілдіру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазіргі кезеңде халықаралық қатынастар жүйесінде геосаяси және геоэкономикалық шиеленістер күшейіп отыр. Мемлекеттер арасындағы санкциялық шектеулердің артуы мен әскери-саяси текетірестің жиілеуі әлемдік қауіпсіздік архитектурасына айтарлықтай әсер етуде.

Оның сөзінше, мұндай жағдайда түрлі тараптар адамдарды қарулы қақтығыстарға тарту үшін жалдау, алдау және үгіттеу тәсілдерін белсенді қолдана бастады. Соның салдарынан шетелдегі соғысқа қатысқан қазақстандықтар саны да өсіп келеді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істер саны жыл сайын артып отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, ал 2025 жылы – 141 іс тіркелді. 2025 жылы тіркелген істер бойынша 26 адам сотталған, – деді депутат.

Оның сөзінше, бұл көрсеткіш әлемдегі әскери қақтығыстардың ушығуына байланысты азаматтарды қарулы әрекеттерге тарту әрекеттері де күшейгенін аңғартады.

Депутат халықаралық тәжірибеде бірқатар мемлекет өз азаматтарының шетелдің ресми қарулы күштері құрамында ұрыс қимылына қатысуын автоматты түрде қылмыс ретінде қарастырмайтынын атап өтті. Әдетте қатаң жауапкершілік террористік ұйымдар қатарына қосылғандарға, әскери қылмыс жасағандарға немесе өз мемлекетінің ұлттық мүддесіне қарсы әрекет еткендерге қолданылады.

Әрине, қарулы қақтығыс аймағына ешкім ажал іздеп, себепсіз бармайды. Бірі әлеуметтік қиындық салдарынан, бірі алдану немесе адасу арқылы, енді бірі мәжбүрлеу жағдайында баруы мүмкін. Көп жағдайда азаматтар табысты жұмыс табамыз деген үмітпен барып, кейін шегінерге жол қалмаған жағдайда соғысқа тартылып жатады. Артында ата-анасы, отбасы мен жақындары қалады, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, өз ісіне өкініп, елге оралуға ниет білдірген азаматтар үшін қазіргі заңнамадағы қатаң санкциялар елеулі кедергі болып отыр. Оның пікірінше, мұндай адамдарды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру олардың қоғамға қайта бейімделуіне кері әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты Жарқынбек Амантайұлы бірнеше ұсыныс айтты:

Біріншіден, әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қылмыстық кодекстің 170–172-баптарын жетілдіру және саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізуді ұсынды.

Екіншіден, террористік ұйымдар құрамында болмаған, әскери қылмыс жасамаған және өз еркімен Қазақстанға оралған азаматтарға қатысты құқықтық бағалаудың сараланған тетігін енгізуді қарастыру қажет екенін айтты. Атап айтқанда, олардың қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, шартты жаза, бас бостандығын шектеу, пробациялық бақылау немесе өзге де баламалы жазаларды қолдану мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Үшіншіден, шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысып, елге оралған азаматтарды құқықтық, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан оңалтуға бағытталған кешенді мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажеттігін атап өтті.