Шетелдегі Құрылтай сайлауы: 6 мыңнан астам қазақстандық дауыс берді
Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша шетелдегі 79 сайлау учаскесінің барлығы жұмысын бастады, 11 елде дауыс беру аяқталды.
Құрылтай депутаттарын сайлауда шетелде жүрген 6 мыңнан астам қазақстандық өз таңдауын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтың Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте баяндады.
Сағат 19:00-дегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жанынан 61 мемлекетте құрылған 79 сайлау учаскелерінің барлығы жұмыстарын бастады. 11 елде дауыс беру аяқталды. Шет елдерде тіркелген 11 402 сайлаушылардың 6007-сі дауыс берді. Шетелде дауыс беруді Америка Құрама Штаттарының Сан-Франциско қаласындағы отандастарымыз аяқтайды (Астана уақытымен сағ. 19:00 ашылды), - деп атап өтті сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру қорытындылары туралы шет елдердегі учаскелік сайлау комиссияларының хаттамалары дереу Орталық сайлау комиссиясына жолданатын болады.