Шетелдегі ҚҚС мөлшерлемесінің шегі қандай?
Елімізде қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру ұсынысы әлі де талқыланып жатыр. Осы орайда шетелдік тәжірибелерді бағамдап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қосылған құн салығы (ҚҚС) – әлемнің 175-ке жуық елінде қолданылатын маңызды салық түрі. Әр елдің экономикалық жағдайына байланысты ҚҚС мөлшерлемесі әртүрлі болып белгіленген. Кейбір елдер салықтық жүктемені теңгерімді ету үшін төмендетілген мөлшерлемелерді енгізсе, басқалары белгілі бір тауарлар мен қызметтерді салықтан босатады.
Мысалы, АҚШ-та ҚҚС мүлде жоқ, бірақ оның орнына сатудан түсетін салық (sales tax) түрі бар.
Еуропалық Одақта ҚҚС мөлшерлемесінің орташа көрсеткіші 21,6% (Tax Foundation деректері бойынша). Сонымен қатар, ЕО елдерінде ҚҚС мөлшерлемесі 15%-дан төмен болмауы тиіс деп белгіленген.
ЕО елдерінде ҚҚС мөлшерлемесі 15%-дан төмен болмауы тиіс делінген. Еуропа елдеріндегі ең жоғары ҚҚС мөлшерлемесі Венгрияда – 27%, ал Хорватия, Дания және Швецияда – 25%, Италияда – 22%, Испанияда – 21%, Германияда – 19%.
Франция, Түркия, Ұлыбритания, Армения, Болгария және Ресейде ҚҚС мөлшерлемесі 20% деңгейінде.
Қорытындылай келе, көптеген елдерде ҚҚС 20%-дан жоғары деңгейде белгіленген. Қазақстан үшін бұл көрсеткішті 16%-ға дейін көтеру халықаралық тәжірибеге сай келетін шешім болуы мүмкін.