Шетелдегі қандастар мәртебесі: Смайылов министрлікке тапсырма берді
Премьер-министр Әлихан Смайылов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында шетелдегі қазақстандықтардың құқығы мен қандастар мәртебесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы 5 жылға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Біз тұжырымдаманың іс-қимыл жоспарын сапалы іске асыруымыз керек. Әсіресе, шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет. Бірнеше жыл болды, Біріккен Араб Әмірліктерімен және Оңтүстік Кореямен қазақстандық жұмыскерлердің құқықтарын қорғау жөнінде келісімдерге қол жеткізілмеді, - деп айтты Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзінше, осы жұмысты аяқтау үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе шұғыл шараларды қабылдау керек.
Бұдан басқа демографиялық және экономикалық үрдістерді ескере отырып, қандастарды қоныстандыру және этникалық қазақтарды қабылдау бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Тарихи Отанына көшуге ниет білдірген этникалық қазақтар үшін «бір терезе» қағидатын енгізу керек. Бұл ретте «бір терезе» функциясын біздің шет елдердегі мекемелер атқарады. Оларға жүгінетін этникалық қазақтар кіру визасын ғана емес, «қандас» мәртебесін беру жөнінде шешім туралы, қоныстану аумағы және жергілікті жерлерде берілетін мемлекеттік қолдау туралы да ақпаратты алуы тиіс, - деді ол.