23 Қазан 2026, 20:44 Фото: freepik.com

Шетелде жұмыс істеген қазақстандықтар зейнетақысын қалай алады? Төлемдерді жоғалтып алмаудың жолы түсіндірілді

ЕАЭО елдерінде жұмыс істейтіндерге зейнетақы қалай тағайындалады?

EАЭО елдерінде жұмыс істейтін қазақстандықтар шетелде жинақтаған еңбек өтілі үшін зейнетақы ала алады. Бірақ ол үшін еңбек қатынастарын дұрыс рәсімдеу қажет. Жұмыс берушімен ауызша келісу кейіннен еңбек өтілін дәлелдеуде және төлемдерді тағайындауда мәселе тудыруы мүмкін.

Бұл туралы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» еске салды.

Келісім қай елдерде қолданылады?

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім күшінде.

Ол бес мемлекетке таралады:

  • Қазақстан;

  • Ресей;

  • Беларусь;

  • Қырғызстан;

  • Армения.

Осы елдердің азаматтары жұмыс істеуге рұқсат немесе патент алмай-ақ ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің аумағында еңбек ете алады.

Оларға өздері жұмыс істейтін елдің еңбек кепілдіктері қолданылады.

Келісім шарттары бойынша, әрбір мемлекет 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін өз аумағында жинақталған еңбек өтілі үшін зейнетақы тағайындайды.

Келісімшарт болмаса, зейнетақының бір бөлігінен неге айырылып қалуға болады?

Мысалы, егер қазақстандық 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін Ресейде бес жыл жұмыс істесе, онда ол Ресейдің зейнетақы заңнамасының талаптарын орындаған жағдайда осы кезең үшін зейнетақы алуға үміткер бола алады.

Бірақ жұмыс істеген фактісін құжат түрінде растау қажет.

Ол үшін мына құжаттардың бірі болуы тиіс:

  • жұмыс берушімен жасалған еңбек шарты;

  • қызмет көрсетуге арналған азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт.

Ауызша келісім қызметкерге жеткілікті құқықтық қорғауды қамтамасыз етпейді.

Жазбаша шарт болмаса, жұмыс беруші еңбек жағдайларын өзгертуі, жалақыны кешіктіруі немесе еңбек қатынастарының бар екенін жоққа шығаруы мүмкін.

Кейіннен құжаттардың болмауы еңбек өтілін растауды және зейнетақыны рәсімдеуді қиындатуы ықтимал.

Зейнетақы жарналарын кім төлеуі керек?

Ресми түрде жұмысқа орналасқан қызметкерлер үшін жұмыс берушілер жұмысқа орналасқан елдің заңнамасына сәйкес зейнетақы немесе сақтандыру жарналарын аударып отыруы тиіс.

Шетелде жұмысты бастамас бұрын мына мәселелерді анықтап алған жөн:

  • қандай шарт жасасу қажет;

  • еңбек қатынастары қалай рәсімделеді;

  • мемлекеттік органдарға хабарлау талап етіле ме;

  • зейнетақы жарналарын кім және қандай тәртіппен аударады;

  • кейіннен жұмыс кезеңін қалай растауға болады.

Ережелер елге байланысты өзгеше болуы мүмкін.

Зейнетақы алу үшін қайда хабарласу керек?

Егер Қазақстан азаматы 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін ЕАЭО-ның басқа елінде жұмыс істеген болса, осы кезең үшін зейнетақы алу құқығы ол еңбек еткен мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.

Төлемдерді тағайындау кезінде зейнеткерлік жас, еңбек стажының ұзақтығы және тиісті елдің заңдарында көзделген басқа да шарттар ескеріледі.

Өтініш пен құжаттарды мына орындарға тапсыруға болады:

  • адам жұмыс істеген ЕАЭО елінің құзыретті органына;

  • Қазақстанның БЖЗҚ-на.

Келісім шеңберінде БЖЗҚ құжаттарды қабылдайды және қарайды, өзінің өкілеттігі шегінде төлемдерді тағайындау не төлем тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ ЕАЭО-ның басқа мемлекеттері тағайындаған зейнетақыларды жеткізуді ұйымдастырады.

Қазақстанда келісім зейнеткерлік жасқа толғанда немесе мерзімсіз I немесе II топтағы мүгедектік белгіленген кезде қалыптасқан зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан берілетін төлемдерге қолданылады.

Еңбек өтілін қалай растауға болады?

Тәртіп жұмысты қай кезең үшін растау қажеттігіне байланысты.

1998 жылғы 1 қаңтардан бергі еібек өтілі: БЖЗҚ ақпараттық жүйеде бар міндетті зейнетақы жарналарының төленгені туралы деректер негізінде мәліметтерді ұсынады.

1998 жылға дейінгі еңбек өтілі: Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық бөлімшелеріне хабарласу қажет.

Зейнетақыны рәсімдеуге арналған құжаттар тізбесі төлемді тағайындайтын мемлекеттің заңнамасымен айқындалады.

Қазақстаннан қанша шетелдік зейнетақы алып отыр?

2021 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін БЖЗҚ ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің 378 азаматына төлем тағайындады.

Алушылардың үлесі келесідей бөлінді:

  • Ресей: 306 адам зейнеткерлік жасқа толуы бойынша төлем алды, мұрагерлерге 26 біржолғы төлем тағайындалды.

  • Беларусь: 22 адам жасына байланысты төлем алды, мұрагерлерге 4 төлем тағайындалды.

  • Армения: 11 адам жасына байланысты төлем алды.

  • Қырғызстан: 4 адам жасына байланысты төлем алды, мұрагерлерге 5 төлем тағайындалды.

Келісім қолданылған уақыт ішінде барлығы 378 адам, соның ішінде зейнетақы жүйесінің қайтыс болған қатысушыларының мұрагерлері төлем алды.

Қанша қазақстандық басқа елдерден зейнетақы алды?

Осы кезеңде ЕАЭО-ның басқа мемлекеттерінің құзыретті органдары Қазақстанның 39 азаматына зейнетақы тағайындады.

Ресей 33 төлем тағайындады:

  • 31 адамға жасқа байланысты зейнетақы;

  • 1-уі мүгедектік бойынша зейнетақы;

  • 1-уі асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнетақы.

Қырғызстан 6 төлем тағайындады:

  • 3-уі жасына байланысты зейнетақы;

  • 3-уі асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнетақы.

Осылайша, 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін ЕАЭО елдерінде ресми түрде жұмыс істеген қазақстандықтар тиісті мемлекеттің заңнамалық шарттарын сақтаған жағдайда онда жинақтаған өтілі үшін зейнетақы төлемдеріне үміткер бола алады.

Құжаттарды рәсімдеу туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтының «Қызметтер» бөлімінде қолжетімді.